Әлеумет
«Жұмыспен қамтудың күту залы» электронды қызметке кезекті қадам
Мерекеге бір күн қалғанда аудан орталығында тағы бір қызмет көрсету орны ашылды. Халықты жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау мақсатында «Ойыл ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» ғимараты жанынан келушілерге арналған күту залы салынған болатын.
Бұған жергілікті бюджеттен 1900,0 мың теңге бөлінді. Күту залы келушілерге ыңғайлы етіп жасалып, жаңа заманауи үлгімен қамтылды. Электронды кезек жүйесін орнату үшін 3500,0 теңге жұмсалған. Енді тұрғындар электронды қызметті пайдаланып, уақытын үнемдеп, әділ кезегін ала алады. Ғимараттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы әрбір тұрғын, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай кедергі болмау керектігін айтты. Сонымен қатар мерекеге орай «Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және бағдарламалар басқармасының» алғыс хатымен, аудан әкімінің алғыс хатымен жас мамандар мен өз саласында ұзақ жыл жұмыс жасаған еңбек ардагерлерін марапаттады. 7 адамға аудан әкімінің сыйақысы берілсе, 3 адамға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 240 мың теңгенің көлемінде грант сертификаттары табысталды.