Әкімдік

Мемлекеттік қызметке іріктеу тетіктері

Қазіргі таңда елімізде тиімді мемлекеттік аппарат құруға, кадр саясаты мәселесіне баса көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес жаңа тәсілдер әзірленіп, бүгінгі күні мемлекеттік қызмет туралы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы енгізілген өзгерістердің басым бөлігі  жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктер екендігін атап кеткен жөн.

Сол өзгерістердің бірі – мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектерді оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі «Б» корпусының төменгі лауазымдарына конкурссыз тікелей тағайындау мүмкіндігі. Бұл – тиісті оқу нәтижесін GPA 3,33-тен жоғары аяқтаған түлектерге берілген мүмкіндік. Осы енгізілген жаңашылдық нәтижесінде қазіргі таңда Республика бойынша 750-ге жуық түлек, оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 62 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылданды.

Бүгінде мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісі толықтай цифрландырылып, eqyzmet.gov.kz ашық порталы арқылы жүзеге асырылуда. Бұл жүйенің негізгі мақсаты – кадрларды іріктеуде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, сондай-ақ барлық үміткерлерге тең мүмкіндік беру. Онлайн іріктеу тетігі конкурстық рәсімдерді жеңілдетіп, уақыт пен ресурсты үнемдеуге жағдай жасайды.

Жаңа жүйенің енгізілуі мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтың айтарлықтай артуына себеп болды. Мәселен, 2025 жылы жергілікті атқарушы органдардағы бос және уақытша бос лауазымдарға орналасу үшін 518 конкурс өткізілді, оған 4112 адам қатысты. 2024 жылмен салыстырғанда бір орынға шаққандағы үміткерлер саны 1,8-ден 7,9 адамға дейін өсіп, нәтижесінде 338 үміткер мемлекеттік қызметке қабылданды.

Сондай-ақ, елімізде төртінші жыл қатарынан Президенттік жастар кадр резерві жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба – жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құруға бағытталды. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматтары қатысады. Президенттік жастар кадр резерві – егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Аталған жоба нәтижесінде Өңіріміздің 13 азаматы Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі атанды. Қысқа уақыттың өзінде-ақ резервтің тиімділігі байқалып, бірқатар қатысушылар нақты лауазымдарға тағайындалып, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа серпін беруде.

Осы жобаның жалғасы ретінде 2024 жылы 1 наурызда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кадр резервіне іріктеу басталды. Өңірлік кадрлық резервтің негізгі мақсаты – аймақтың кадрлық әлеуетін күшейту, жеке сектордан үздік жастарды мемлекеттік қызметке тарту, басқару жүйесін жаңғырту және жергілікті деңгейде тиімді шешімдер қабылдайтын мамандар пулын қалыптастару болып табылады. Іріктеуге жоғары білімі және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар, 35 жастан аспаған еліміздің азаматтары қатысты. Осының нәтижесінде Ақтөбе облысы бойынша өңірлік кадрлық резервке алынған 23 азаматтың 13-і резерв шеңберінде мемлекеттік қызметте жоғары лауазымдарға тағайындалды. Өңірлік кадрлық резерв – өңірдің кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды бастама. Бұл механизм жергілікті деңгейде кәсіби, бастамашыл және нәтижеге жұмыс істейтін мамандарды іріктеп, оларды мемлекеттік қызметке тартуға, сонымен қатар кадрлық сабақтастықты нығайтуға оң ықпал етті.

Қорытындылай келе, қазіргі таңда мемлекеттік қызметке кіру жүйесінде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Бұл өзгерістер еліміздің болашағы – жас мамандардың әлеуетін тиімді пайдаланып, мемлекеттік басқару сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталды.

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақтөбе облысы бойынша департаментінің
бас маманы Аружан Есмурзаева
 

Related Articles

Back to top button