Рухани жаңғыру
«Қызыл мектеп» қоршалды
ХІХ ғасырдың куәсіндей тарихи ғимарат – санаторийдағы «Қызыл школ» иесіз қалғалы талан-таражға түсті. Әлі жеткендер төбесі мен еденін сыпырып кетті. Таяудағы тұрғындар кейіннен қабырғаларына «қол салғанда» «іші удай ащыған» Мәкәрім ақсақал «Қызыл школды» тарихи ескерткіш ретінде қорғау жөнінде түрлі жиналыстарда айтып, облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жазды. Содан кейін сең қозғалды. Бұл нысан облыстық табиғи-мәдени ескерткіштерді қорғау мемлекеттік инспекциясының тізіміне №597 болып енгізіліпті. Мемлекеттік қорғауға алынғандығы туралы қасына арнаулы тақта қойылғанымен қызыл кірпішке көз тігушілер азаймады. Бірақ, қорғау, қоршау жергілікті билікке жүктелген. Сондықтан, жуырда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Ойыл ауылдық округінің жұмысшы-қызметкерлері «Қызыл школдың» іргесіндегі Қаракемер ауылының тұрғындарымен бірлесіп тарихи ғимаратты қоршады.