ӘлеуметБасты тақырып
«Жасыл аймақ» жобасы Ойылда орындала бастады
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелерді іске асыру жөнінде Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының «Экология және биологиялық әртүрлілікті қорғау» бөлімінің тармақтарын жүзеге асыру Ойылда да орындала бастады. Яғни, алдағы бес жылда Ойыл селосының аумағындағы 100 гектар жерді жасыл аймаққа айналдыру жоспарланып отыр.
Ол үшін арнаулы комиссияның шешімімен округ аумағынан 100 гектар жер бөлінді. Ойылдың теріскейіндегі күре жолдың айрығынан Қаңқайға дейінгі аралықтан 20 гектар жерге көшеттерді отырғызу басталды. Бұл жұмысты Ойыл селолық округінің тапсырысы бойынша Ойыл орман шаруашылығы келісім-шарт негізінде жүзеге асырады. «Арнайы бөлінген алқапты жер кебе бастағаннан ылғалды пайдаланып жыртып алдық. Кеше көшеттерді механикалық тәсілмен отырғызуды бастадық. Бірнеше бөліктегі алқаптың екі қапталына біздің өңірдің климатына төзімді үйеңкі, ортасына қарағаш отырғызылды», — дейді Ойыл орман шаруашылығының директоры Серік Мусин.
«Жасыл аймақ» – аймақтарды көгалдандыру, орман алқабын құру мақсатында қолға алынған бағыт. Күрт құбылмалы климатты далада ауқымды қолдан жасалған орман алқабын құру үлгісі біздің өңірге таңсық жұмыс емес. «Ойылдың жеті кереметінің» біріне айналған аталарымыз қолымен егіп, суды құдықтан тартып суарған Барқын құмының ішіндегі көкке таласа өскен қарағайлар соның куәсі. Техниканың тегеуріні әлсіз, негізінен адамның қол еңбегімен атқарылған жұмыстардың жемісі қазір адам айтса сенгісіз.
Әрине, шөлейтті аймақ үшін орманды алқаптардың қажеттігін айтып жату артық. Алайда, алдағы басты міндет – осы алқапты село тұрғындарының малынан қору болып тұр. Ол үшін округ әкімі Сәндібек Дәулетқалиев арнайы қорықшылар бөлінетінін айтады. Бірақ, бүгінгі көшеттердің бой алып кетуіне тұрғындар да түсіністікпен қарауы тиіс. Малдарын бос жібермей, сиырды күтуге қосып, жылқыны жақындатпау керек.
Серікбай Қойбағаров,
Ойыл селосы.