
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі, көп жылғы адал еңбегі мен кәсіби жетістіктері үшін өңірдің төрт педагогі орден-медальдармен марапатталды. Жоғары мемлекеттік наградаларды ұстаздарға Президенттің атынан облыс әкімі Асхат Шахаров табыстады.
Салтанатты марапаттау рәсімі облыс әкімдігінде өтті.
Асхат Шахаров педагогтерді жоғары мемлекеттік марапаттарымен құттықтап, білім беру жүйесін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Білім беру саласына сіңірген елеулі еңбегі мен ел алдындағы қызметі үшін Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназиясының мұғалімі Маржан Естөре мен М. Құрманғалиева атындағы №32 гимназияның мұғалімі Ботагөз Омарова «Құрмет» ордендерімен наградталды.
Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі Ойыл ауданының Көсембай негізгі мектебінің мұғалімі Ерсайын Аққошқаров және дарынды ұлдарға арналған облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының педагогі Айгүлім Батырғалиеваға табысталды.
Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Естөре білім саласына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңіріп келеді. Осы уақыт аралығында ол республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған көптеген дарынды шәкірт тәрбиеледі. Сонымен қатар педагог Қ. Жұбанов атындағы өңірлік университетте орыс тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесінен дәріс беріп, ғылыми-практикалық конференцияларға қатысады және әріптестеріне арналған оқыту семинарларын өткізеді. Былтыр ол білім беру саласындағы жетістіктері үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен марапатталыпты.
М. Құрманғалиева атындағы №32 гимназияның математика пәні мұғалімі Ботагөз Омарова мектепте 30 жылдан бері жұмыс істейді. Ол 5–10 сынып оқушыларына математикадан сабақ береді және бұл марапаттың өзі үшін айрықша маңызға ие екенін айтты.
Ойыл ауданы Көсембай негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ерсайын Аққошқаровтың білім беру жүйесінде еңбек етіп келе жатқанына — 42 жыл. Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл мектептеріндегі білім беру жағдайы едәуір жақсарған. 1997 жылы салынған Көсембай негізгі мектебінде бүгінде 60 оқушы білім алады. Білім ордасында 20 педагог қызмет етеді.
Марапаттау рәсімі күн сайынғы адал еңбегі арқылы білім беру ісінің дамуына және жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосып жүрген ұстаздардың еңбегіне көрсетілген құрмет пен жоғары бағалаудың айқын көрінісі болды.



