ӘкімдікБасты тақырып

Көптоғайдағы кездесулер

Аудан әкімі шұбаршидің тынысымен танысты

Жуырда ғана аудан әкімі болып тағайындалған Дастан Сағыров өткен аптада жұмыс сапарын Көптоғай ауылдық округінде жалғастырды. Алдымен Шұбарши ауылына ат басын тіреген өңір басшысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың нұсқауымен бір жыл ішінде салынып, өткен жылы пайдалануға берілген жақсыбайкөл негізгі мектебінің оқу базасымен танысты.

Алғашқы оқу жылын аяқтағалы тұрған жаңа ғимараттағы білім ордасының басшысы Қуаныш Сатығалиев мектептің жетістігі мен мүмкіндігін жеткізді. Уақыт ағымына сай жабдықтармын қамтылған, 2012 жылы ауыл тұрғындарының есепті кездесулерінде көтеріп жүрген мәселелерін шешіп, қуанышқа кенелткен Ақсай ауылдық фельдьшерлік пунктіне барған Дастан Жарылқасынұлы фельдшерден ауыл халқының денсаулығы мен демографиялық дамуы жайын сұрады. Ал, клубтағы кездесуде аз сөйлеп, көп тыңдауға тырысты. Тұрғындар тарапынан сауал қойған Сәрсенбай Ахметов негізінен ауыл маңындағы тұрғындардың малы жайылатын өрістің тарлығы мен жеке малдарды бақтыру мәселесін тілге тиек етті. Мұқатай Тұрғалиев болса, қыста жолды байлап, бейнетке қалдыратын көтерме жолдың жайына көп алаңдайды. Сауалдарға сала басшылары мен аудан әкімі нақты жауап берді.

Одан соң аудан әкімі Таушан қыстағына соғып, «Мәтжан» шаруа қожалығының төрағасы Самғат Жұмағалиевтың шаруашылығымен танысты.

Орталыққа газ керек

 

 

 

 

 

Аудан әкімі Дастан Сағыров Көптоғай ауылдық округінің орталығында алдымен ауылдық клубта тұрғындармен кездесіп, өзінің ой-жоспарларымен бөліссе, ауылдың тілегі мен өтінішін ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Ниязов ақсақал ауылды газдандыру мен ауыл тұрғындарының малдарын делдалсыз өткізу жолдарын ұйымдастыруды ұсынды.

Кездесуден соң Дастан Жарылқасынұлының жеке қабылдауында болған еңбек ардагері Нұрберген Магзимов мал азығын алдымен ауылды қамтып алған соң ғана сыртқа сатуы үшін шаруашылықтарға ұсыныс  айтуын өтінді. Өйткені, мал азығының басым бөлігі сапалы кезінде сыртқа сатылып кетеді. Ауыл тұрғыны Сисенбай Шілжанов болса, аудан орталығымен арадағы көтерме жолды ұдайы тазалауды өтінсе, округке қарасты арғы беттегі Қарасу ауылымен қатынасты тұрақты қамтамасыз етуге көмек сұраған Тілекбай Әміровтың тілегіне өзі де сол ауылдың тұрғындарымен кездесуге барарда көз жеткізді. Ал, Базаргүл Сқақова болса, арнаулы оқу орнын бітірген қызына жұмыс сұрады.

Жеке қабылдаудан соң ауылдағы мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория сынды әлеуметтік нысандардың тынысымен танысты. Сонымен қатар, ауыл халқына қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандарына барған Дастан Жарылқасынұлы «Қазақ ССР-і білім беру ісінің үздігі», зейнеткер Гүлжамал Нұғымановаға апай арнайы барып сәлем берді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Тілекбай Әміровтің сауалына Қарасу ауылына ағысы қатты өзеннен қайықпен өтіп барып, тұрғындармен кездескен әкім мәселені мейлінше күш біріктіріп шешуге шақырды.

Демографиясы күшті ауыл балабақша сұрайды

 

 

 

 

 

Амангелді аудандағы даму динамикасы жоғары ауыл. Сонымен қатар, бұл ауылда бағыты дұрыс бәсеке бар. Еншісін алып, бөлек шыққан отбасылар сәулеті мен салтанаты сай үй салудан жарысып жатыр…

Жыл сайын бірнеше жаңа үймен толығып жатқан ауылға түс ауа барған аудан әкімі Дастан Сағыров мұнда да бірінші тұрғындармен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады. Осы ауылдың тумасы, шаруасын да осы ауылмен іргелес жүргізіп отырған «Жаңа қадам-2016» өндірістік кооперативінің төрағасы Қуаныш Қыстаубай ауылдың бар тілегін бір өзі жеткізуге тырысты. Көтерген мәселелерінің қай-қайсысының да «жаны» бар. Жаңа мектебі мен фельдшерлік пункті бар ауыл үшін ендігі мәселе — балабақша болып отыр. Өйткені, мектептің ішіндегі шағын орталықта небәрі 20 бала ғана тәлім алып жүр. Кезегін күтіп тұрған тағы 20 бала бар. Ауылға сапалы мал азығын дайындауға мүмкіндік беріп отырған бөгеттің ернеуі жыл сайын «жұқарып» бара жатқанын жеткізген Куаныш осы жайға алаңдайды. Өйткені, бөгет жарып кетсе, су далаға текке кетеді. Ауыл көшесінің жарығы мен заңсыз кәсіпкерлікті бақылау, жеңілдетілген несие де тұрғындардың сауалының арқауы.

Ал, ауылдағы құрылыстың қарқынды жүруі – ауылға қазіргі беріліп тұрған электр қуатының көлемін арттыру қажеттігін туғызып отыр. Мейірім Әбдірзақ ауылдағы мұғалімдердің ортақ мәселесі – интернет желісінің жылдамдығының әлсіздігін айтады.

Кездесуден соң Дастан Жарылқасынұлы ауылдағы әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.

Басқа жаңалықтар