Әлеумет
Гүлмира Мұрсалова: АЭС-ті дамыған елдер ғана салады деп айту — қате пікір
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда атом электр станциясын салу мәселесі талқыланды. Қоғамдық талқылауға жауапты ведомство мен әкімдік өкілдері, қоғамдық кеңестің мүшелері, қала тұрғындары мен сарапшылар қатысты.
Қоғамдық талқылау кезінде ҚР ЭМ Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова еліміздегі электр станцияларының жағдайына тоқталды.
— Қазақстанда электр станцияларының 70%-ы көмірмен жұмыс істейді. Олардың тозу деңгейі өте жоғары. Оған қоса, Қазақстанда энергия тұтыну көлемі де өсіп жатыр. Сондықтан үкімет келесі 10 жылдықта 26,5 ГВт қуаттылығы бар станцияларды іске қосуды жоспарлап отыр. Себебі болашақта тозған станциялардың кейбірінің жұмысын тоқтату керек болады. Осы 26,5 ГВт ішінде жаңартылған энергия көздері бар, — деді спикер.
Сондай-ақ ол көмірмен жұмыс істейтін станцияларға қарағанда АЭС-тің қандай артықшылығы бар екенін атап өтті.
— Әрине, көмірмен жұмыс істейтін қолданыстағы станцияларға да жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алайда қазіргі уақытта әлемдегі экологиялық жағдайға байланысты көмірмен жұмыс істейтін станцияларға халықаралық ұйымдармен қаржы бөлінбейді. Себебі көмірмен жұмыс істейтін станциялардан өте көп көмірқышқыл газ бөлінеді. Осы себептен біз тұрақты жұмыс істейтін әрі жасыл энергетикаға жататын атом электр станциясын қарастырып жатырмыз. АЭС референдум нәтижесі оң болған кезде ғана салынады, — деді ол.
Гүлмира Мұрсалованың айтуынша, АЭС-ті дамыған елдер ғана салады деп айту — қате пікір.
— 2800 МГб қуаттылығы бар атом электр станциясымен бірдей энергия көзін алу үшін желмен жұмыс істейтін 8 станцияны салу керек. Сондықтан қазір әлем атом электр энергиясына қарап отыр. Қазір әлемде 415 реактор жұмыс істейді. Оның көп бөлігі АҚШ пен Францияда. Бірақ АЭС-ті дамыған елдер салады деп айту — қате пікір. Олар өздерін тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алғандықтан, дамыған мемлекеттерге айналды. Былтыр қолданылған 115 млрд КВт сағаттың 2 млрд КВТ сағатын біз Ресейден жоспарлы түрде сатып алдық. Болашақта көршілердің электр энергиясына тәуелді болмас үшін біз өзімізді қамтамасыз етуіміз керек, — деді Гүлмира Мұрсалова.