Басты тақырып

Екі ауылдың болашағы

Демографиялық дамуына байланысты

Аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың ауылдық елді-мекендердің тұрғындарымен кездесуі өткен аптада Саралжын ауылдық округінде болды. Бүгінгі Асқар Қайырғалиұлы тұрғындармен кездесуі Бестамақта басталып, Ақкемерде жалғасты. Екі ауылдың жұртшылығымен жүздесуде аудан әкімі өткен алты айда атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Бестамақтағы түйткілді мәселенің бірі – ұялы байланыстың жоқтығы. Есбол Оразов осы ұялы байланыстың жоқтығынан ауыл тұрғындарының электронды қызметті ала-алмай отырғандығын жеткізді. Ал, атқарушы билікті алаңдатып отырған мәселе – ауыл мектебіндегі оқушы санының аздығы. Негізгі мектептің өзіне «Шағын жинақталған мектеп» мәртебесін қорғау қиын болып тұр. Сонымен қатар, қолданысқа берілгеніне екі жылға жуықтаған орталықтандырылған ауыз су құбырының жұмысына да сын айтушылар көп. Жерасты су қорының төмендеп кетуі салдарынан ауылға ауыз су үзіліспен беріліп отыр.

Осындай мәселені Ақкемер ауылының тұрғындары да көтерді. Яғни, бұл ауылда да былтыр ғана берілген құбырдың жұмысына да «базына» көп. Таза ауыз су әлі өткір мәселе болып тұр. Бұл ауылда да демографиялық даму баяу. Сондықтан, Бестамақтың «бас ауруы» болып отырған мектепке баланың жетіспеуі Ақкемердің су жаңа мектебінің де келешегіне алаңдаушылық туғызады.

Мемлекет тарапынан барлық игілікті көріп отырған екі ауылдың болашағы демографиялық дамуына байланысты екенін осы бастан ескеру керек. Әйтпесе, ертең «қолымызды мезгілінен кеш сермеуіміз» мүмкін.

Кездесуден соң, аудан басшысы екі ауылда да тұрғындарды жеке сауалдарымен қабылдады.

С.ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл – Бестамақ – Ақкемер — Ойыл.

Басқа жаңалықтар