Басты тақырып

Жәрмеңке — кәсіпкер мен тұтынушының тікелей саудасы

Өткен сенбі күні әдеттегі дәстүрмен байырғы Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарларында алғашқы жазғы ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге атауы айтып тұрғандай, кәсіпкерлер ауылдың таза өнімдерін әкелді.

Тары-талқан, құрт-ірімшік, сары май мен қаймақ әрине ойылдықтар үшін таңсық емес. Дегенмен, аудан орталығында бұл өнімдер тұтынушы үшін кез-келген уақытта табыла бермеуі мүмкін. Сондықтан, кәсіпкермен тұтынушының тікелей сауда жасауы үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырылды. «Құстың сүтінен» басқаның бәрі сөреге қойылды. Семіз сиыр мен жылқының еті 2000-2200 теңгеден ұсынылса, кг 1800 теңге 18-20 кг тартатын дәмі балдай бағлан марқаның еті де тұтынушысын тез тапты. «Дәстүрлі емес кәсіптің» өнімін іздегендер үшін қаз-үйректің еті де бар. Арзан көкөніс те осы жәрмеңкеге арнайы әкелінді. «Қоспасы жоқ» шұбат пен қымызды да іздеушілер көп екен.

Ал, арзан мал азығы селоның сыртындағы арнаулы алаңда тұрғындардың талғамына ұсынылды. Жәрмеңкені аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әнмен әрлеп, келушілерге әсерлі көңіл-күй сыйлады.

Р. S. Жалпы жәрмеңкеге бір ірі қара мен жылқы еті және бес қой еті әкелінді. Кәсіпкерлер ойылдықтарды сүт өнімдері мен тары-талқанға да қарқ қылды. Барлығы 200 кг сүттен жасалатын тағамдар мен 100 кг тары-талқан жәрмеңке сөресіне қойылды. Бір тонна көкөніс те тұтынушыларын тез тапты. 3800 бума шөпті ойылдықтар бір сағатта «талап» кетті.

С.ХАМЗИН.

Басқа жаңалықтар