ӘлеуметБасты тақырып
Облыстық газеттердің редакторлары ойылдық оқырмандарымен кездесті
Облысымыздағы белді басылым «Ақтөбе» және «Актюбинский Вестник» ойылдық оқырмандар үшін қажетті ақпарат көзі. Қазіргі ақпараттық заманда әсіресе жастар жағы әлеуметтік желіге сүйенгенімен аға буын өкілдерінің төл газеті болып отыр. Бірінің жүз жылдық, екіншісінің соған таяу тарихы бар қос газет өз оқырмандарының ыстық ықыласына бөленді.
Облыстың, ауданның қала берді елдің жаңалығы, қоғамдағы өзекті мәселелер, танымдық мақалалар, проза, поэзия жанрындағы дүниелерді осы жерден табасың. Бір қуанарлығы біздің ауданымыздың тұрғындары облыстық басылымдар үшін белсенді. Ғасырлық тәжірибесі бар, ұжымы қарымды қаламгерлермен жасақталған екі газет оқырмандарына арзан дүние ұсынбаса керек-ті. Сондықтан да әр маусым сайын тұрақты түрде жазылып, үзбей оқып келеді. Ал басылым басшылары өзінің әрбір оқырмандарымен жылы қарым қатынас орнатып, жиі кездеседі. Әр жыл сайын белсенді оқырмандары тегін жазылуға ие болады. Қазір қай газет болмасын алдағы жылға жазылу науқаны жүріп жатыр. Ал жоғарыда аталған қос газеттің биыл 100 жылдық, 95 жылдық мерейтойы өтеді. Мереке қарсаңында «Ақтөбе-Медиа» газетінің редакторы Бауыржан Бабажанұлы мен «Актюбинский Вестниктің» редакторы Айгүл Нұркеева ауданымызға арнайы келіп оқырмандарымен жүздесті. Аудандық әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев, мекеме басшылары, тұрғындар мен белсенді оқырмандары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Асқар Қайырғалиұлы облыстық газеттерге жазылуда біздің аудан жоғары деңгейде екенін, білім, денсаулық, басқа да ірі салаларда газетке жазылу 100 пайыз орындалып жүргенін айтса, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы ақпарат саласына қатысты жаңалықтарымен бөлісті. Оның айтуынша, облыста шығатын газет-журналдар үшін биылғы жылдың ең үлкен қуанышы дербес ғимаратқа қол жеткізуі.
«Қадірменді ойылдық ағайындар! Облыс әкімінің бастамасымен алғаш рет жеке ғимаратқа ие болдық. Биыл газеттеріміздің мерейтойлары атап өтіледі. Сол шарада баспа үйінің тұсаукесері болмақ. Алдағы күнде өз баспаханамыз да болады деген үміттеміз. Бұдан бөлек «Адырна», «Үштаған» атты журналдарымыз, «Ақтөбе-Ньюс» деген сайтымыз бар. Бәріміз бірігіп үлкен холдингке айналып отырмыз. Еліміз бойынша 9 мың ақпарат көзі болса, біздер сапа жағынан алғашқы екі жүздіктің ішіндеміз. Газет жұмысы қарбалас. Аптасына үш рет шығады. Сонда да кешіктірмей әр санын оқырмандарына уақытында жеткізуге тырысамыз. Ал біздің тұрақты оқырмандарымызға құрметіміз қашанда жоғары» — деп белсенді 4 оқырманға бір жылға тегін жазылу сертификаттарын табыстады. Сондай сертификатқа ие болғандардың бірі — Қуаныш Әміров: «Әрбір адам өз өңірінің төл газетін оқыса, оның туған жерге деген құрметі. Ақтөбе газетінің ішінде жақсы дүниелер көп. Соңғы кездері «Адырна» журналын оқып жүрмін. Оның ішінде танымдық әңгімелер, зерттеулер, әдеби жанрдағы кез-келген туындылар бар. Баршаңызды осындай ғибратты, өнегелі, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін журналдарды оқуларыңызды құптаймын» — деді. Ал, 53 жылдан бері «Актюбинский Вестник» газетін серік етіп келе жатқан Вера Рязанцева басылымның бүгінгі мазмұнына тоқталып, баспасөздің мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы ролін айтып, замандастарын төл газеттерінен қол үзбеуге шақырды.
С.НАРЕГЕЕВ,
Ойыл селосы.