Басты тақырыпБілім

ТАҒЫ БІР ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ТАЯДЫ БАЛАМЫЗ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫН БА?

Әне-міне дегенше, күзге де таяп қалдық. Тоқсан күн жаздың жетпіс күні зу ете қалды. Тамыз тамылжып тұрғанмен нағыз қарбалас шақ. Арғы жағында қыркүйек «қылтиып» тұр. Демек, тағы бір жаңа оқу жылы таяды... Мәселен, Ойыл аудандық білім бөлімі ұсынған дерекке сүйенсек, алдағы оқу жылында 1 сыныпқа 350 оқушы қабылданады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 289 оқушының ата-анасы немесе заңды өкілі құжаттарын тапсырды. Биылғы оқу жылын 9 сыныпты 291 оқушы аяқтап, 81 оқушысы колледждерге оқуға құжат тапсырды. 11 сыныпты 172 оқу аяқтап, 42 мемлекеттік грант иегері атанды.

Тамыз айы туа салысымен ата-ананың басты мәселесі баланы мектепке дайындау. Үш айлық демалыстан кейін баланың эмоционалды, психологиялық тұрғыдан мектепке баруға дайын болуы ол бар, одан бөлек керек жабдық пен мектеп формасы мәселесі де тұр. Елімізде мектеп оқушылары 2003 жылдан бастап бірыңғай мектеп формасы енгізілді. Мектеп формасы оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік пен басқа да ерекшеліктерді болдырмайды. Зайырлық сипатта, классикалық үлгіде, бірыңғай түсті. Бірыңғай мектеп формасы ең алдымен оқушылардың арасындағы тәртіп мәселесін қалыптастыратыны да белгілі… Дегенмен, барлық отбасының бірдей жалпыға ортақ талапты орындауы мүмкін бе?

«Бірнеше жылдан бері қалыптасқан дәстүрге сәйкес, биыл да 1 сыныпқа баратын оқушыларға жерлесіміз, «Анвар» ЖШС-нің директоры Талғат Салфиков республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп құралдары салынған мектеп сөмкесін алып береді. Ауылдағы кәсіпкерлерді де осы акцияға атсалысуға шақырып отырмыз», — дейді аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлмира Садақбаева.

«Биылда 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп формасын, аяқ киім мен мектеп құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі. Білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге арналған қаражатты қалыптастыру, бағыттау және бөлу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы N 64 Қаулысы негізінде Ойыл ауданы бойынша 50851 теңге 385 оқушыға беріледі», — дейді.

Р.S. Ашық дереккөздердегі Оқу-ағарту министрлігінің ұсынған мәліметіне жүгінсек, 2026-2027 оқу жылы қарсаңында 450 мыңға жуық бала қолдаумен қамтылады. Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттерде 23 млрд. теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Көмек жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға беріледі. Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер тиісті құжаттарды білім беру ұйымына тапсыруы қажет.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button