«МЕНІҢ АНАМ – АЛТЫН!»

Оқушы кездегі күзгі күн еске түсті. Ызғар сәл сезілгеннен от жағамыз. Кешқұрым шақ. Пеште жылтылдап от жанады. Ағаш салса, шытыр-шытыр дыбыс шығады. Апам күндіз тары қуырған, оның шоғына екі таба нанды бірінен соң бірін салып алады. Таба нан қызырап пісіп, сырты қытырлап, іші үлпілдеп тұрады. Дастарханға сары май қояды. Міндетті түрде «Ақ лақ, сары лақ қылып жеп алыңдар» деп айтады. Дәмділігін сөзбен айтып жеткізу қиын.
Кейде жарық сөніп қалады. Сумаңдаған жылан тіліндей пештегі оттың көлеңкесі қабырғаға түседі. Үйдің іші самаладай болмаса да, жарқырап тұрғандай қуанып отырамыз. Май шам жағамыз. Шоқ табада ызылдап шайнек қайнап тұрады. «Керосинка» деп атайтынбыз, оған аққұман қайнатамыз. Міндетті түрде дастарханнан күтірлеп тұрған тары арылмайды (тарыға әбден үйреніп кеткеніміз сондай, әлі күнге дейін тарысыз шай іше алмаймыз). Жаңа ғана сауып алған сүтті тартып, қаймағын қою күрең шайға құйып, дастархан басында қауқылдасып отырамыз.
Көктемде өзен жағасына ойылдықтар картоп егеді. Біз де 10 сотық жерге картоп салып, ала жаздай баптаймыз. Күзде өнімді мол аламыз. Қазып алған бойда аулада үшке бөліп жайып кептіріп аламыз. Келер жылға егетін тұқымдық картопқа ірілерін бөлек, өзіміз жеуге ірілі-ұсағын бөлек алып, «погребке» саламыз.
Жылтылдап жанған пештен шыққан жылуды сезініп, кешкі дастархан басына етін мол қосып қуырып, сары майға картоп пісіреміз. Әлі күнге дейін сап-сары болып пісетін ондай дәмді картоптың сортын кездестірмеген сияқтымын.
Анам, шіркін, жанкешті ғой, сұмдық еңбекқор. Жаз айында «Лесхозға» ежевика теруге барамыз. Ойылдан Берсиевке баратын тас жолмен жүріп отырып, 9-шақырымға келгенде, қалың орманның ішіне кіріп кетеміз. Апам ежевиканың күшті шығатын жерлерін тез табатын. Ойылда «Бізді сол жерге ертіп баршы» деп келетіндер де аз болған жоқ. Саусақ басындай іп-ірі ежевиканы ауызға салып жібергенде, бал татиды ғой! Оны тосап етіп қайнатып, қыс бойы шайдан үзілмейді.
Саралжын жаққа ол кезде кәрістер қауын-қарбыз егетін. Ойылға машина-машина әкеліп түсіріп кетеді. Жаз сарайдағы темір керуеттің асты толы қауын-қарбыз. Былқытып асқан етті жеп алған соң, қарбызды шөл басады деп жеп аламыз. Одан соң созылып тұратын ұйтқыдан дайындалған айранды, түнгі ұйқыға кетер алдында шекер қосып, апам «бір кесе айран ішіп жатшылап» қасымызда отырады. Таңертең сабаққа кетер алдында темір тостағанға сары майды ерітіп қойып, нанға батырып жеп кетеміз.
Қайран балалық шақтың бал күндері! Ақтөбеге күз түсті. Күз келген сайын артта қол бұлғап қала берген бақытты күндер осылайша еске түседі…
Әлия ҰЛЫҚПАНОВА.


