Мәдениет

Аналарды серпілткен ән кеші

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағанбетованың  дүйсенбі күні кешкілік мәдениет үнінде «Бақыттың жүрмін жолында» атты ән кешімен ауыл үлкендерінің көңілдерің бір серпілтіп тастады. Әсіресе қазақи нақыштағы әндер жүректі тебіретіп, елжіретті. Сұлушаш апайымыз кеште негізінен халық әртісі, композитор Әсет Бейсеуовтің әндерін орындады. Жалпы бала кезінен өнерге құштар болып өскен апайымыз жеке ән кешінде өзінің өмірі мен өнері жайлы да айта кетті. «Мен, қазіргі Алматы облысы Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келдім. Кішкентай кезімде әртіс деген адамның бар екенін білгеннен кейін, әртіс болам деп ата мен апама ылғи айта беретінмін. Олар да менің қызым өскенде әртіс боп менің атымды шығарады деп айта беруші еді. Менің туған әкем мен шешем мені екі жасымда көрші тұратын анамның әкесі мен шешесіне берген екен. Содан мен көршінің қызы болып өстім. Мектепке бардым оқыдым, ән үйірмесіне қатысып, родиодан Роза Бағланованың әндерін жаттап, Нарымқолдың өзімше Роза Бағлановасы болып оқуға аттандым. Армандаған оқуыма түстім. Содан алғаш рет қазақ концертіне өнер көрсетуге барғанда Жамал Омарова, Ләззат Сүйіндікова, Жүсіпбек Елебеков, Рәбиға Есімжанова және биші Шара апа болды. Оның шәкірті Нұрсұлу Тапалова апа да болды. Тіпті апамыздың керемет биші болғанын көзімізбен көріп тамсанатын едік. Бүгін осы ауылдың азаматтары мені музейді көрсетіп аралатып жүргенде Нұрсұлу апаның суретін көріп, көзіме жас келді. Мен сол кісілердің қасына жаңадан сары ауыз балапан әнші болып студия бітіріп, әртіс болып барған кезімде мен ол кісілер туралы көп жылдардан кейін осылай естелік айтамын деп ойламаппын. Бұл  да маған Алланың тартқан сый деуге бола ма, әлде «Өзі өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» — дегендей бола ма білмедім… Ол кісілермен араласқаннан бері әрдайым ол кісілерді аузымнан тастамай айтып жүремін. Себебі «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме? Сол секілді мен олардан кісілікті, кішілікті үйрендім. Олар өте қарапайым еді. Міне сондай ортада 45 жыл уақыт адал еңбегіммен әнімді айтып келе жатырмын» — дейді. Сол кеште Сұлушаш апамыз табиғи даусымен өзінің репертуарындағы халық арасына кең тараған жиырмаға жуық әнін орындады. Айта кетсек, «Еркежан», «Жақсы көру», «Ағаларым», «Армандастар», «Немерем» сынды тағы да басқа әндерді үлкендер жағы қосылып шырқаса, жастар жағы қошметтеп отырды. Жалпы ән кеші халықтың көңілінен шығып, бір жарым уақытқа созылған концерттің қалай өткенін де байқамай қалдық.

 Өміргүл ТЕМІРХАН.     

Басқа жаңалықтар