Жаңалықтар

НАРИМАННЫҢ ҚАРБЫЗЫ

Қиылдың бойын қиялай қонған Ақкемерде жасыл желегі тербелген, бау-бақшасы жайқалған көрікті аулалар көп. Соның бәрін көріп өскен Нариман Шаханов үшін қазіргі маусымдық кәсібі таңсық емес. Алайда, әуелгіде «Тәуекел» - деп бел буған жігіт бүгінде нағыз бағбанға айналды. Бақшаға ден қоюының тарихы да қызық...

Әулеттің үлкені болғасын ел қатарлы білімін алған соң, Ақтөбеде кәсібін дөңгелетіп, тұрмысын қалыптастыра бастады. Күні бойғы жүгіріспен, қаланың шуынан шаршағасын сырттан жер телімін алып, өзінің баспанасын көтермекке қамданды. Құрылысқа әрине еңбек күші керек. Жұмыстың бағасынан бұрын, жұмысшыларының құрылысты тоқсан сылтаумен созбаламай, тез аяқтағанын қалады. Таныстары арқылы өзбек жігіттерді тапты. Еңбекқор жігіттер екі айда шөбі белуардан келген жерге өзінің қалауындай үйін тұрғызып, құрылысын толық аяқтап берді. Өзі де күндіз-түні біресе материалын жеткізіп, біресе басқасын жеткізіп жүргенде ағасындай ақылын айтып, кәнігі құрылысшы ретінде көп кеңес берген жігіттермен туысындай араласып кетті. Үйдің құрылысы бітті. Жұмысшыларының еңбегін адал төледі. Сыртқы өздерінің де қолынан келетін жұмыстар қалды. Олардың еңбегіне тәнті болып, риза болғаны сонша, бір күні өзбектерді туған ауылына әкеліп, Қиылдың бойындағы табиғат аясына қой сойып қонақ қылды. Бала кезден еңбекке, соның ішінде бақша егу жұмысына жақын өскен олар Қиылдың табиғатын көріп «құлап» түсті. Сол жерде қол беріп, уағдаласты. Келесі жылы сол жерге бақша егетін болып…

Көктемде елу жылдан бері бау-бақшамен айналысып келе жатқан атасын алып келген жігіттер бірден жұмысқа кірісіп кетті. Екі жігіттің берік уәдесінің «жемісі» — биыл 15 гектар алқапта жайқалып тұр. Алғашқы жылы үш гектар жерге қарбыз-қауын егіп бастаған Нариман бүгінде өзі бауырларымен бірге бақша баптаудың нағыз маманына айналды. Тіпті әкесі Нұрлан алпыстан асса да күні-түні қастарында. Міне, төрт жылдан бері төрт ағайынды жігіт жомарт жердің бабын тауып, ырзық-несібесін айырып отыр. Әзірге еңбек күші өзбек достарымен бірге өздері және жиені мен ағайын інісі.

Биыл кезең-кезеңімен өнім беретін қарбыздың бес түрін егіпті. Оның сыртында үш гектар қауын бар. Жиырма сотық жерде картоп та гүлдеп тұр. Бір гектар жердің қиярын жинап, Ақтөбеге өткізді.

Өткізді демекші, жерді игеріп, оның өнімін өткізуде екінің бірінің қолынан келмейді. Ақтөбеде құрылыс материалдарын сатумен айналысып, саудада ысылған жігіт қарбыздарын «Табыс» базарына апарып тұр. Саралжынның тұсында да арнайы нүктесі бар. Әрлі-берлі өткенде Нариманның қарбызына көз тігетін көршілес Қобданың жігіттері де ұсыныс тастап, жақында сауда нүктесін ашты. Сонымен қатар, Ақтөбеден дәмін көрген жігіттер де көтеріп әкетіп жатыр. «Мата даңқымен бөз өтеді, ата даңқымен қыз өтеді» — емес. Нариман ең бірінші өнімнің сапасына мән беріп отыр. Әрине, бақша еккеннің нитраттарды қолданады. Бәрінің де шегі, мөлшері бар. Сондықтан да Нариманның қарбыздары көлемі көп үлкен емес. Бірақ, дәмі тіл үйіреді.

  • Биыл Мадрид Ф1, «Топкон», «Продюсер», «Холлор» дегенжазда өнім беретін төрт түрін егіп отырмыз. Ал, бір қарбызымыз ол суыққа төзімді күзде піседі.— Бұлардың бәрі де ала қарбыз, бірақ ішіндегі қызылы, дәмі әртүрлі. Төртеуінде төрт түрлі айырмашылық бар. Мысалға, Топкон мен Мадрид Ф1-дің ішіндегі қызылы өте қызыл болады, қып-қызыл болады, сосын тығыз болады бұлар. Жегенде кәдімгідей сықыр-сықыр етеді, дәмі өте дәмді. Салмақты да. Мадрид Ф1 15 килодан жоғары тартады, — дейді Нариман Нұрланұлы.

Міне, үш айғы еңбектің жемісі. Біздің алдымызға жеткен қарбызды егіп, суарып, күтіп-баптаудан бөлек күзету де көп еңбек. Алқап қоршаулы құрғанымен айнала анталған мал. Іргедегі ауылдың сиыры мен Қобданың жылқысы күндіз-түні тыным бермей тұр. Одан қалды, қарға мен қоян да осы бақшаға көз тігіп отыр. Көзің тайса қарға ойып шұқып тастаса, қоян сыртын сыпырып тастайды екен.

Ата жұрт Ақкемерде әкесі әуелгіде шаруашылық ашып, малбасын көбейткен еді. Кейіннен балалардың бәрі қалаға кеткесін, одан қалды жұбайы сырқаттанғасын қойған еді. Бірақ, сол шаруашылықты жүргізуді балалары бағытын өзгертіп, іліп әкетті.

Атам қазақ, «Өзен жағалағанның өзегі талмайды», — дейді. Шынында да ағын судың бойында ерінбеген жанға еселеп несібе табуға болатындығын еңбекқор Нариманға қарап тағы бір мәрте ұқтық.

Бау-бақша — береке бастауы. Оны күтіп-баптау, әркез суарып, арам шөптерін жұлу қажырлы еңбекті қажет етеді. Осындай берекелі істің бейнетін жеңіп, зейнетін көріп отырған ағайынды жігіттердің еңбекқорлығы қандай мақтау сөзге де лайықты.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button