ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛАҒАН ОЙЫЛДЫҚТАР

Қыстың қамын — жаз ойла! Бұл тәмсілді берік ұстанған Ойыл ауданындағы шаруалар мал азығын дайындау науқанын қызу жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде 1192 аулаға 120 мың тоннадан астам мал азығы жиналған. Ендігі міндет – жоспарлы межені толық орындау.
Аудан көлемінде шөп шабу жұмыстары қарқын алып, шаруалар қажетті мал азығын жинауға бар күшін салуда. Солардың бірі – ата кәсіпті берік ұстанып, мал шаруашылығын дамытып отырған «Нұрасыл» шаруа қожалығы.
Шаруашылық иесі 2000 жылдан бері төрт түлік өсірумен айналысып келеді. Малдың жазғы жайылымын тиімді пайдаланған шаруа үшін енді қысқы жем-шөппен қамту – басты мақсаттарының бірі.
– Басты мақсатымыз – қысқа жеткілікті мөлшерде мал азығын дайындау. Биыл өз қажетімізге 2000-дай рулон шөп жинауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар ауылдағы ағайын-туыс, дос-жаранға да арзандатылған бағамен шөп береміз. Еңбек бір күнде нәтижесін бермейді. Бәрі біртіндеп келеді. Шаруашылықты дамыту үшін төзім мен еңбек керек, – дейді шаруа қожалығының үйлестірушісі Бекзат Өмірғалиев.
Шаруашылықта шөп шабу жұмыстарына қажетті техникалар да жеткілікті. Қазіргі таңда екі трактор жұмыс істеп, бірі шөп шабуға, екіншісі рулондап тасымалдауға жұмылдырылған. Бұдан бөлек, мал бағатын жұмысшылар да бар.
Шаруаның айтуынша, ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандар шаруашылықтың негізгі тірегіне айналған. Еңбегіне қарай жағдайы жасалып, тәжірибесі артқан сайын жауапкершілігі де жоғарылай түседі.
«Нұрасыл» шаруа қожалығы тек мал азығын дайындаумен шектелмейді. Негізгі бағыты – асыл тұқымды қой және ірі қара өсіру, мал бордақылау, төрт түлік өнімдерін өткізу.
Қожалықта Еділбай тұқымды қой өсіріледі. Қазіргі таңда төлін қоса есептегенде қой саны 1000-нан асады. Сонымен бірге Ақбас тұқымды ірі қараның 120-дан астам аналығы бар. Биыл шаруашылықта 100-ге жуық бұзау алынған.
Шаруашылық иесі асыл тұқымды малға сұраныстың жоғары екенін атап өтті. Әсіресе асыл тұқымды қошқарларға қызығушылық мол. Ал ірі қара басын көбейту мақсатында шаруашылық өз төлінен мал өсіруге басымдық беріп отыр.
Бұл – бір ғана шаруашылықтың қысқы маусымға дайындығы. Жалпы аудан бойынша 2026–2027 жылдарға 1862 аулаға 138 мың 100 тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Бүгінде 1192 аулаға 120 мың 500 тонна мал азығы жиналып отыр.
Науқанға барлығы 481 техника жұмылдырылған. Оның ішінде 102 трактор, 106 тіркеме, 87 пресс және 94 тырма бар. Техникалардың барлығы техникалық байқаудан өткізілген.
Сонымен қатар күзгі мал азығын қамтамасыз ету мақсатында 9 шаруа қожалығы 2000 гектар жерге суданка шөбін егіп, оны өз қажеттеріне жаратып отыр.
Қазір ауданда мал азығын дайындау жұмыстары жалғасуда. Шаруалар үшін басты міндет – науқанды уақытылы аяқтап, қыста мал азығынан тапшылық көрмеу. Берекелі тірліктің берік негізін қалаған еңбек адамдары бұл міндетті де абыроймен атқарып келеді.



