ӘлеуметБілім

Мамандар даярлайтын қара шаңырақ

Атақты Көкжар жәрмеңкесі өткен алаңда орналасқан білім ордасы 1963 жылы 7 тамыз күні Батыс Қазақстан өлкелік кәсіптік – техникалық білім беру басқармасының №87 бұйрығымен Ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі болып құрылған. Оқу осы жылдың 27 қыркүйегінде басталған. Училище ашылған кезде бір жылдық, екі жылдық мерзімді шопан-механизатор, механикаландырылған мал фермаларының механизаторы мамандықтарын даярлаған. Шопан – механизатор бөліміне 25 оқушы, механикаландырылған мал фермаларының механизаторы бөліміне 26 оқушы қабылданған.

Училище ашылған кезде оның алғашқы директоры Ленин, Бірінші дәрежелі Отан соғысы, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Отар Қлипанов болған еді. Кейін ауданның «Жетікөл» совхозының директорлығына тағайындалды. Аз ғана уақыт училищені Өтеміс Әкімов басқарды, артынан Ойыл аудандық партия комитетіне жұмысқа ауысты…

Училищеге 1965-1972 жылдары ауданымыздың қадірлі азаматы, сөзге шешен, ұзақ жыл комсомол, шаруашылық жұмыстарында басшылық қызметінде шыңдалған, ұйымдастыру қабілеті зор, тоқығаны көп Шыңғыс Танкиев жетекшілік етті.

Қазақ ССР Министрлер Советінің Председателі Б.Әшімовтың 22 мамыр 1973 жылғы №317 –Р өкімімен училище 1973 жылы орта білім және мамандық беретін үш жылдық мерзімді оқу орнына айналып, №196 Ойыл селолық орта кәсіптік-техникалық училищесі болып қайта құрылды. Училищені ауданымыздың беделді де сыйлы азаматы, сауатты, ұзақ жыл комсомол, совет, шаруашылық жұмыстарын басқарған, ұйымдастыру қабілеті зор Зейнолла Сағиев 1974-1976 жылдары басқарды, 1976 жылы трагедиялы жағдайда өмірден өтті.

Училищені әр жылдары Б.Жолдыбаев, Ы.Бақтыгереев, Қ. Күншашев, Қ.Жұмағалиев, Б.Бектұрғанов, Е.Мырзағалиев, О.Тұрғанбеков, А.Қазыбаев, С.Өткелбаев басқарды.

Түлектерімен мерейленетін оқу орны УМСХ, СПТУ, Лицей, Колледж болып құрылып, жастарға жан-жақты мамандық және білім мен тәрбие беріп келе жатқанына 55 жыл толғалы отыр. Осы жылдар ішінде білім ордасы кәсіптік білім беріп, уақыт ағымына қабілетті мамандар дайындап шығаратын қара шаңыраққа айналды. 55 жыл ішінде істелген іс, атқарылған шаруалар адамның өмірінде қалған ізі десек, соған жылдар өте бұрылып қарап, еске түсіріп, ел назарын аударғандарын жазып, кейінгі толқын жастардың өмір сабағына жалғастыру ниетінде қолыма қалам алып, осы мақаланы жазып отырмын. Таңымды «училище, лицей, колледж» деп атырып, түнімді «училище, лицей, колледж» деп батырып жүргенімде, 40 жылдан да асып кеткенін білмей қалыппын. Осы жылдары өмірімнің ең сәулелі, ең бақытты сәттері жатыр. Осы жылдарда иірімі мен ирелеңі, суығы мен ыстығы да қатар келіп жататын маңдайға жазылған тағдырым да жатыр екен. Рухани байлық сыйлады, есімімді елге танытты. Жалғасып жатқан ғұмыр кешіппін. Тек менде училище, лицей, колледжді көркейтейін деген ғана арман болды.

Оқу орнынан түлеп ұшқан оқушылардың ішінен еңбек озаттарының, зиялы қауымының шоғыры дайындалды. Училищені бітірген түлектер аудан шаруашылықтарында, облыс көлемінде еселі еңбек етті. Олар халық алдында өздерінің адал еңбегімен үлкен құрметке ие болды. Олардың ішінде шоқтығы биігі — училищенің алғашқы 1964 жылғы түлегі «Еңбек  даңқы» орденінің ІІ,ІІІ дәрежелі иегері марқұм Ғауан Масабаев. Еңбек Қызыл Ту орденді «Жетікөл» совхозының механизаторлары ағайынды Зейнолла, Шариполла Ибатуллин, Шығырбай Құдайбергенов, Айтқали Аққалиев, «Жекенді» совхозының механизаторлары марқұм Қ.Дүйсенов, Қ.Айтбаева, Қ.Алақаев, О.Ғаббасов, Құрманов атындағы совхоздың механизаторлары Ж.Жалмұханов, Е.Таңатаров, Берсиев атындағы совхоздың орденді механизаторлары марқұм Б.Кенғанов, С.Андағұлов. Саралжын совхозының механизаторы Қ.Балғариндер училищені үздік бағамен бітіргендер. Амангелді атындағы совхоздың механизаторлары Б.Оралов, О.Төкешов, «Ойыл» совхозының механизаторлары С.Смағұлов, В.Таспаев, М.Изғалиев тағы басқалары.

Осы сияқты алғашқы училищені бітіргендер арасында бұрынғы Ақтөбе қаласының, облысының әкімі, сенатор болған экономика ғылымдарының докторы, профессор Елеусін Сағындықов та бар.

Училищеде оқыған кезде өздерін тек жақсы жағынан көрсетіп оқуды үздік бағамен 1979 жылы аяқтаған Мәскеуде Кремль жанында суретке түсу құрметіне ие болған, Ленин комсомолы стипендиясын екі жыл қатарынан алған Асқар Аймұқатов, (қазір Ақтөбе политехника  колледжде директордың орынбасары болып жұмыс жасайды,  педагогика ғылымдарының кандидаты), Ленинград қаласындағы (қазір Петербург) Аврора крейсері жанында суретке түсу құрметіне ие болған 1978 жылдың түлегі Күлән Бәйімбетова, Қазақстан Республикасы комсомолының XV сьезінің делегеты 1984 жылғы түлегі Нұрбибі Омарова, училищені үздік бітірген 1987 жылғы түлегі Мұхтар Дәулетов (Астанада Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс жасайды, училищеде мұғалім болып жұмыс жасаған кезде Ақтөбе облысынан Мәскеуде өткен Бүкілодақтық, мұғалімдердің ІІІ сьезіне барған 9 делегаттың бірі болып қатынасқан. Жұмақыз Тұрарова (кейін Берсиев атындағы селолық Советтің председателі болды) есімдерін мақтан етеміз.

Училищеде алғашқы жылдары аудандық партия комитетінің бірінші секретары Байсалбай Жолмырзаевтың басшылығымен аудан совхоздары шаруашылық есебінен 4 ОЩ -60 типті құрастырмалы щитті корпустар салды. Артынан облыстық кәсіптік – техникалық білім беру басқармасының бастығы Есболай Мусиннің ықпалымен 120 орындық 8 жылдық мектептің оқу корпусының жобалық-сметалық құжатымен силикатпен екі қатарлы оқу корпусы салынып, 1981 жылы 19 ақпанда пайдалануға берілді. Инженер – педагогтарға, өндірістік оқу шеберлеріне екі қатарлы 22 пәтерлік тұрғын үй салынды. 1987 жылы облыстық кәсіптік – техникалық білім беру басқармасының бастығы Е.Сағындықовтың бастамасымен Республикалық бюджет есебінен 720 орындық қоғамдық тұрмыстық корпус, ішінде спорт залы, 200 орындық мәжіліс залы, 160 орындық асханасы, үлкен кітапхана залы бар ғимарат құрылысы басталып, 1990 жылы пайдалануға берілді. Осы жаңа типті құрылыстардың салынып, пайдалануға берілуіне байланысты училищенің материалдық-техникалық базасы нығайды, халық арасында оқу орнына деген көзқарас өзгерді, болашағының зор екендігін сезе бастады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиындықтар мен олқылықтардың орын алғаны белгілі. Осы кезде ауданның ауыр жүгі оқу орнына түсті, себебі совхоздар, «Казсельхозтехника» , Автобаза, құрылыс мекемесі тағы басқа ауданның ірі мекемелері нарық жағдайына, жаңа заманға бейімделе алмады. Нарықтық қарым – қатынас бәрін өзі жолға салады, реттейді — деген түсінік елдің экономикасын кері кетіріп, қолдағы бардан айырылып қалуға дейін барды. Бұған қолда билігі барлар саналы түрде барса, енді біреулер соқыр сезіммен ерді. Өйткені алдыңғысы қолы таза адамдар емес еді, қарпып қалуға оңтайлы сәт осы екенін түсіне қойды, ал соңғыларының мұның ақырының қайда апаратынын жете түсіне алмады. Нарықтың «базарлы өмір бетімен жүрсін, ешбір әкімшілік араласу болмасын» — деген байламы елдің пайдасына шықпады. «Бір қап секер, бір бас қыстан шыққан күйлі  баспаққа» айырбасталды, «бір қойың бір шөлмек рояль спиртіне» берілді, осы сияқты бір қой 20 пачкі темекіге немесе 10 дана сабынға айырбасталды. Ақшаға сатып алайын десе қолында ақша жоқ, себебі зейнетақы, еңбекақы, жәрдем ақы 5-6 айлап берілмеді, амал жоқ осындай жабайы бартер жасауға мәжбүр болды. Халық арасында ұрлық көбейіп, тәртіпсіздік белең ала бастады. Үйір – үйір жылқылар ұрылар қолында кетті. Елді мекендерді 500-700 бас жылқылары бір-екі жылдың ішінде жоқ болды, іздегендер ізінде таба алмады, күдерлерін үзді.

Біздің маңдайымызға бейнет пен қасіретті, жоқшылықты жазып қойған деп түңілушілер де болды. Елді мекендердегі пайдаға асатын құрылыстар бұзыла бастаған болатын. Балабақшалар жабылды. Жаңа үлгідегі жобалармен салынған екі, үш қабатты мектептер отын жоқтықтан жабылып, 40-50-60 жылдардағы салынған аядай, ескі үйлерге кіріп алды. Мектептер пешпен жанатын мектептерге көшті. Банктер жабылды, шаруашылықтар тарады. Қаражаты барлар аладорба арқалап, ел кезіп сауда жасап, нәпақа тапты. Ауылда ала дорба арқалап сауда жасайтын да ақша болмады. Ел есеңгіреп қалған кез еді. Мұның себебі неде? Ал әлемнің басым көпшілік елдерінің даму жолына айналған нарықтық қатынас бұған тіпті де жазықты емес еді. Мұның себебі тек қана икемсіздік, бейімделе алмаушылық еді. Осындай алмағайып кезеңде оқу орнына, батыл әрі жедел модернизация жасауға, жұмысты нарық жағдайына, жаңа заманға шұғыл бейімдеуге, жаңа игілікті істерді атқаруға тура келді. Ол өз жемісін берді де. Сол жылдардағы жаңарудың табиғаты инновициялық, мобилизациялық сипатта жүргізілді. Мұндай тәуекел қадам жаңа игілікті істерді атқаруға септігін тигізді.

Уилищенің қосалқы шаруашылығын дамытуға назар аударылды. 1000 га егіс алқабына тары, бидай, арпа егілді, агротехникалық шаралардың сақталуы қатаң бақыланды. Егін бітік шықты. Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының аудандарына апарып саттық, бартер жасадық. Осы кезде Атырау облысының Миялы ауылы суға кетіп, үйлері құлап, республикадан көп қаражат бөлініп, үйлер салынып жатқан болатын. Арпаны құрылыс материалына айырбастадық. Мал азығын дайындау қарқынды жүргізілді. Мал азығы Атырау қаласына , Құлсарыға, Бейнеу ауданына тасылды, өз бағасына өткізілді. Түскен қаражат қатаң бақылауға алынды, жанар-жағар май алынды.Қосалқы шаруашылыққа түскен қаржы есебінен Москвадан ұн тарататын диірмен әкелінді, диірмен тәулік бойы жұмыс жасады, көрші Темір, Қобда, Байғанин, Қызылқоға, Қаратөбе аудандарының халқы бидайларын әкеліп тарттырды, ұн сатып алды, диірменде тартылған бидайдың кебегіне дейін сұраныс көп болды. Аудан орталығындағы жанар-жағар май қоймасы сатып алынып, ауданды жанар-жағар маймен қамтемеледік. Шұжық-макарон цехы, монша халыққа ақылы қызмет көрсетті. Ақылы  қызмет көрсетуден түскен қаржы еңбекақыға, сыйақыға, шәкіртақыға, қарттарға, мүгедектерге, тұрмысы төмен отбасыларға берілді, оқу орнының материалдық техникалық базасы нығайтылды, жаңа УАЗ автомашинасы сатып алынды, Нива автомашинасы жаңартылды, тракторларға, автомобильдерге комбайндарға қосалқы бөлшектер сатып алынды.

Аудан орталығының тұрғындарын, мекемелерін ауыз сумен қамтемелеп отырған «Комхоз» мекемесі банкрот болды, 5 (бес) млн бережағымен сатып алынды, облыс экономикасы жақсарғанша, яғни 2003 жылдың күзінде ауыз су құбырын коммуналдық меншікке алуға облыс әкімінің өкімі шыққанға дейін аудан орталығының тұрғындарын, мекемелерін үздіксіз сапалы ауыз сумен қамтемеленді, осы кезде су құбыры басқа аудандарда талан-таражға түскен еді. Ауданның мектептері, ауруханасы сұйық отынмен қамтемеленді. Қиын кезеңде халыққа қалтқысыз қызмет етті, абыройын арттырды, беделін көтерді, құрметке бөленді.

Училище 1995 жылы Қазақстан Республикасы Білім Министрінің бұйрығы мен Ақтөбе облысы әкімінің 1995 жылғы 19 .IV №63 қаулысымен  №2 Ойыл жоғары кәсіптік училищесі болып аталды.  1995-1996 оқу жылынан бастап №2 Ойыл жоғары кәсіптік училищесі  менеджер, фермер- бухгалтер мамандықтары ашылып, нарық жағдайына бейімделген мамандар даярлау қолға алынды. Бітірген студенттер бұрынғы техникум, қазіргі колледж дипломдарын алды. Жоғары оқу орындарының екінші курсынан қабылданды. 1996 жылы 26. XII күні Ақтөбе облысы әкімінің №422 шешімінен №2 Ойыл жоғары кәсіптік училищесіне №2 Ойыл кәсіптік-техникалық лицей статусы берілді.

Сан түлекті өмір өлкесіне самғатқан алтын ұямыздан зиялы қауым өкілдері еңбек озаттары түлеп ұшты. Лицей Республика бойынша алдыңғы қатарлы оқу орнына айналды. Оқушылар конкурспен қабылданды. Лицей бітіргендер жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырып әр салада жақсы жұмыс жасауда. Атап айтқанда: Аудандық әділет басқармасының басшысы С.Маханова, Ақтөбе қалалық  әкімшілікте жұмыс жасайтын Ж.Салиев, жоғары оқу орнында оқытушылық қызметті атқарып жүрген  Б.Масабаева, өзіміздің колледжде жұмыс жасайтын Н.Ағыбаев, Ойыл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері И.Сабиржанов, Ойыл селолық округі әкімінің орынбасары Т.Сенғалиев, мемлекеттік қызметкерлер А.Отарова, А.Дүйсенов, А.Айдашева, Е.Әбішев, М.Иманғалиев, А.Нұғыманов тағы басқалар.

Лицей дағдарыс кезінде дағдарысқа қарсы күрес жұмысын жетілдірді. 2005 жылы 5 млн 366000 тг, 2006 жылы 3 млн 200000 теңге, 2007 жылы 2 млн 378399 тг, 2009 жылы 3 млн 187000 тг табыс түсті. 2005 жылы Ақтөбе қаласында өткізілген облыстық кәсіби шеберлік сайысында  дәнекерлеуші мамандығы бойынша оқушы А.Ертлеуов ІІІ орынды жеңіп алды. 2006 жылы облыстық «Ана тілі сұлтаны» байқауында оқушы Сәбит Жұбанов жүлделі ІІІ орынды иеленді. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 16 жылдығына орай «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» атты облыстық тіл фестивалы аясында өткізілген өзге ұлт өкілдерінің арасындағы «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауында оқушы Наталья  Федоровна Кундиус ІІ орынға ие болды. 2007 жылы республикалық «Механизатор» конкурсында Лицей оқушысы жүлделі ІІІ орынды жеңіп алып, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің Құрмет Грамотасымен және облыс әкімінің алғыс хатымен және заттай сыйлығымен марапатталды. Республика Президентінің «Жасыл ел» бағдарламасына сәйкес 2008 жылы «4000» түп, 2009 жылы «5000» түп 2010 жылы «6000» түп, 2011 жылы «7000» түп, ағаш көшеттері отырғызылды, жылма-жыл ағаш көшеттері мыңдап отырғызылып, оқу орны жасыл желекке бөленді.

2010 жылы оқушы Асылан Нұртанов «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты жастар марафон – эстафетасына қатынасқаны үшін облыс әкімінің жүлдесі «Жигули» жеңіл автокөлігімен марапатталса, оқу орны 2011 «Жигули» жеңіл автокөлігіне ие болды. 2009 жылдың  5 маусымында Ақтөбе облысы әкімдігінің қаулысымен лицей облыс аудандарының ішінен алғашқы болып «Ойыл аграрлық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына айналды. Орта буын мамандар даярлайтын оқу орны болып құрылғаннан кейін жауапкершілік те, міндет те артты. Білім ордасы №0030021 мемлекеттік лицензияға сәйкес төмендегі мамандықтар бойынша орта буын мамандар даярлайды.

  1. «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы» Спорт және дене тәрбиесінің мұғалімі», Оқу мерзімі: 9 сыныптан кейін 3 жыл 10 ай, XI сыныптан кейін 2 жыл 10 ай.
  2. «Есеп және аудит» мамандығы «Есепші» Оқу мерзімі: 9 сыныптан кейін 2 жыл 10 ай, XI сыныптан кейін 1 жыл 10 ай.
  3. «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы «Техник — бағдарламашы» Оқу мерзімі: 9 сыныптан кейін 3 жыл 10 ай, XI сыныптан кейін 2 жыл 10 ай.
  4. «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы «Техник — механик» Оқу мерзімі: 9 сыныптан кейін 3 жыл 6 ай, XI сыныптан кейін 2 жыл 6 ай.

«Слесар-жөндеуші» 9 сыныптан кейін 2 жыл 10 ай, XI сыныптан кейін 10 ай.

  1. «Ветеринария » мамандығы , «Ветеринар- техник» Оқу мерзімі: 9 сыныптан кейін 3 жыл 10 ай, XI сыныптан кейін 2 жыл 10 ай.
  2. «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы «Аспазшы» Оқу мерзімі: 9 сыныптан кейін 2 жыл 10 ай, XI сыныптан кейін 1 жыл 10 ай.

«Ойыл аграрлық колледжі» атауы айтып тұрғандай, негізінен өңірге ауыл шаруашылығы кадрларын даярлайтын оқу орны. Осыдан 55 жыл бұрын ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі болып негізі  қаланған оқу орны уақыт ағымына сай мәртебесін өзгерткенімен ауыл шаруашылығы үшін әлі де маңызын жойған жоқ. Ауыл  шаруашылығымен айналысатын аудан үшін қажетті маман даярлау қазірде колледждің еншісінде қалып отыр. Үлкен аумақты қамтитын іргелі білім ошағы кейін жаңа ғимараттармен толықты. 2011 жылы 150 млн теңгеге 60 орындық студенттер жатақханасы, 195 млн теңгеге екі қатарлы оқу корпусы, екі от жағатын қазандық салынып, пайдалануға берілді. Ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізуге, асфальт, брусчатка төсеуге, техника, жиһаз алуға 2005 – 2010 жылдары 150 млн теңге қаражат игерілді. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында 2014 жылы материалдық – техникалық базаны нығайтуға 25 млн теңге қаражатқа 1 бульдозер – экскаватор, МТЗ – 80 тракторы, 1 МТЗ – 82 тракторы, 1 жеңіл автокөлік, 2 тренажер т.б. құрал жабдықтар сатып алынды, Ветеринарлық кешенді күрделі жөндеуден өткізуге 37 млн, 216240 теңге қаражат, 2015 жылы ветеринарлық клиникасы күрделі жөндеу жұмысына  12 млн 864 теңге, қаражат, шеберханаға күрделі жөндеу жүргізуге 27 млн 82 мың теңге қаражат бөлініп , жұмыстар жүргізілді. «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында 180 мың теңгеге «Көркейе бер, туған жер!» аллеясы, 200 мың теңгеге колледж қақпасы жаңартылды, жатақхананың демалыс бөлмесіне 500 мың теңгеге жұмсақ жиһаз сатып алынды. Спорттық шағын алаң мен әскери алаң ашылды.

Үлкеннен үлгі алу аға буынның ізін жалғастыру – бұл біздің ұлтымызда бар қасиет. Ардагер ұстаздар мен жұмысшы қызметкерлер М.Қуатов, Х.Қалиев, М.Орынбаев, Е.Досмайлов, А.Өтегенов, М.Берғалиев, Тұрарова Ж., Қуанов Х., Пангереев Б., Махмудов С., Әлжанов Б., Махамбетов Қ., Жолдыбаев Б., Асауов Ж., Әбдрешов Ж., Петрашов В., Лыгин П., Әбілова Ф., Даденова А., Омарова Қ., т.б. негізін қалаған ұстаздық тәжірибені колледждің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері, жұмысшы қызметкерлер уақыт талабымен ұштастырып келеді.

Студенттерге жоғары санатты ұстаздар «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атағының иегері, инженер-механик Тұрғамбеков О., «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» медалінің, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігінің Құрмет грамотасының иегері Ғаббасова Меруерт, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған Қарасаева С., Изматова Ш., Ертлеуов А., Махмутова Ұ.,Амандықов Н., т.б. сапалы білім мен саналы тәрбие беруде, жұмысшы қызметкерлер Жауынбаев Ұ., Қитанова С., Махамбетова С., Ешпанова Н., Халидуллин Н., Абдрешов А., Жұмашев Е., Нұрғалиев А. жалғастыруда. Өндірістік оқыту шеберлері жастар болғанымен, көп ізденіп, өндірістік оқуларды, тәжірибелік сабақтарды талапқа сай өткізеді.

Қазіргі кезде оқу орны кәсіптік білім беруді жетілдіру және тәжірибелік ортаны қалыптастыру мақсатында бірнеше әлеуметтік серіктестермен, шаруашылықтармен шарт жасасты. Сол негізде жұмыс берушілермен бірлесіп шаралар ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырды. Дуальды білім беру жүйесі енгізілді.

Материалдық-техникалық базаның жақсаруы, озық технологиялармен үздік оқу бағдарламаларының енгізілуі оқытушылар мен өндірістік оқу шеберлерінің сапалық құрамының жақсаруы, колледж бітірген жастардың «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа орналасуы, жоғары оқу орнына грантпен оқуға түсуі, колледжге жастардың қызығушылығын арттыруда. Ауданымыздағы ветеринар болып жұмыс жасайтын мамандардың жартысына жуығы біздің колледжден бітіргендер. Біздің түлектеріміздің бірнешеуі облыс орталығындағы Ақтөбеде ветеринария саласында жұмыс істейді.

Колледжді үздік бағамен бітірген түлектеріміз Жүнісова Мақпал, Жұмағазиева Гүлзия, Тәттіғали Мейрамгүл, Сисенбаева Қамажай, Нұрлыбаева Айдана, т.б. Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық университетінде, Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінде де үздік оқиды.

«Ағаға қарап» іні өсу, апаға қарап сіңлі өсу» ата салтымызда бар. Ұрпақтар сабақтастығымен жалғастырып жанұялық дәстүрді сақтауда. Тәттіғалиевтар, Бақтыгереевтер, Сисенбаевтар, Садақбаевтар, Нұртаевтар, Жүнісовтар, Қанатовтар отбасыларының балалары алды колледжі бітіріп, ауданымыздың әр саласында еселі еңбек етіп жүрсе, жоғары оқу орнында білімдерін жалғастырса, кейінгілері аға-апаларының ізін қуып, колледжде оқуда. Атап айтатын болсақ, Т.Садақбаев. 5 баласы да колледжді жақсы бітіріп, университетте оқып, жоғары білім алып, мамандықтары бойынша аудандық білім бөлімінде, «Комхоз» мекемесінде, т.б. мекемелерде жұмыс жасайды.

Тәттіғалиевтар отбасының екі қызы да колледжді үздік бітіріп, жоғары оқу орнында білімдерін жалғастыруда. Қанатовтар отбасының 1 ұл, 1 қызы да өте жақсы бағамен оқуда. Қазіргі кезде колледж білім беруді жетілдіру және тәжірибелік ортаны қалыптастыру мақсатында ауданның серіктестіктерімен, корпоративтерімен, шаруа қожалықтарымен келісім шарт жасасып, дуальдық оқыту жүйесіне көшті. Сол негізде жұмыс берушілермен бірлесіп, шаралар ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырдық. Шаруашылық басшылары С.Жетпісбаев 1 жылқы, Қуанышбек Серікбайұлы 1 жылқы, А.Дүсіпов ірі қара, А.Өмірғали 4 қой, Ө.Ақеділов 2 қой, А.Сисенғалиев 50 мың теңге, Т.Әміров 1 қой, «Әділет» шаруа қожалығы бұзаулы сиыр беріп демеушілік жасады.

Колледж аудандағы  түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 2017 жылы облыстық дәрежеде ұйымдастырылған «Көкжар жәрмеңкесіне 150 жыл» мерекелік шара колледж алаңында өткізіліп, ауыл шаруашылығы көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі саласындағы жетістіктер, сондай-ақ мал шаруашылығындағы инновациялар ұсынылды. Аудан әкімі Б.Б.Күзембаева колледж базасында Ш.Берсиев ізбасарын даярлау, іс тәжірибесін зерттеу, тарату, насихаттау, тары кластерін дамыту, тарыдан мол өнім алуды қамтамасыз ету, суармалы егіншілікті дамыту, тары өсірушілердің санын көбейту, ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін пайдалана отырып «ақылды технологияны» шарасын енгізу мақсатында Ш. Берсиев мектебін ашты. Ш.Берсиев мектебінің жұмысымен облыс әкімі Б.Сапарбаев пен барлық облыстың 12 аудан әкімдері танысты. Облыс әкімі Б.Сапарбаев Ш.Берсиев мектебі мен музейі үшін аудан орталығында ғимарат салатындығын айтып, игі бастамаға ризалығын білдіріп, оң бағасын берді. Ш. Берсиев мектебінің алғашқы сабағында аудан әкімі Б.Күзембаева «Ш.Берсиев – тары кластерінің негізін қалаушы. Тары өсірудің әлеуметтік – экономикалық маңызы тары өсірумен айналысатын шаруашылықтардың жағдайы және перспективалары туралы айтты. Ауданда тары егістігінің көлемінің жылма-жыл ұлғайып келе жатқандығын, үстіміздегі жылы 500 га ұлғаятындығын хабарлады. Аудан әкімі Б.Б.Күзембаева жиі келіп, қолдау көрсетіп отырады. Колледж студенттерінің бос уақытын мазмұнды да, қызықты өткізу үшін үйірмелер мен секциялар жұмыс жасайды, барлық жағдай жасалған. Соның нәтижесінде біздің студенттер аудандық, облыстық конкурстар, сайыстар, олимпиадалар, біріншіліктер мен турнирлерді айтпағанда республикалық жарыстарда топ жарды. Оқу орнында домбыра тартуды үйреніп, домбыра оркестріне қатынасуда бастау алған біздің түлегіміз Мақсат Тілепберген Алматыда консерваторияны бітіріп, қазір Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрінде аға домбырашы, «Қазақстан Республикасының Құрметті мәдениет қызметкері» атағының иегері, колледж түлектері Ардақ Жасақова, Әсима Абайқызы спорт шебері. Студенттеріміз Нұрғиса Амандықов «2013 жылғы» облыстық «механизатор кәсібінің үздігі», Қ.Таспаев  «2014 жылғы» облыстық «механизатор кәсібінің үздігі». Биология пәні бойынша студенттерге арналған республикалық студенттер олимпиадасынан Р.Қайыржанова, А.Мырзағалиева ІІІ дәрежелі дипломмен мадақталды. Ағылшын пәні бойынша студенттерге арналған республикалық олимпиадасынан М.Сисенбина  ІІІ дәрежелі диплом алды. Тарих пәні бойынша студенттерге арналған республикалық олимпиадасынан М.Үмбетов ІІ орынға ие болды. «Жас құтқарушы» сайысынан колледж командасы 11 орынды иеленді, «Жас сарбаз-2018» сайысынан колледж командасы 1 орынды, «Мерген ару – 2018» пневматикалық винтовкадан нысана көздеп ату жарысынан ІІІ орынды жеңіп алды. ХХ Ауданның жалпы білім беретін мұғалімдер спартакиадасында жалпы командалық есеп бойынша Ойыл аграрлық колледж командасы І орынға ие болды. Бірнеше жыл қатарынан облыстық байқауда «Үздік дене шынықтыру кұжымы» атануда. Колледж студенті М.Байтурлина облыстық «Ақтөбе аруы-2017» байқауының жеңімпазы атанды. Колледжде жиі облыстық семинар өткізіледі, алдыңғы қатарлы іс тәжірибесі басқа оқу орындарына үлгі ретінде көрсетіледі. Жаңа бір белеске көтерілгеніне облыстың алдыңғы қатарлы оқу орнына айналғанына ешкім дау айта алмас. Колледждің осындай үздік нәтижелерге қол жеткізіп, білім мен тәрбие биігінен көрінуін әрқашан мақтан етемін.

Ғ.ЗАЙМОЛДА,

 ардагер ұстаз.

Басқа жаңалықтар