ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНЫҢ АРҚАСЫНДА

КӨПТОҒАЙДА ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ДӘРІХАНА АШЫЛДЫ

«Ауыл аманаты» жобасы жастардың ауылда отырып та ойларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мәселен, бір ғана Көптоғай ауылдық округінде сүт өнімдерін өңдеу, құс өсіру, қыз жасауы, жартылай фабрикаттар дайындау секілді кәсіп түрлерін қолға алған жас кәсіпкерлердің қатары көбейді.

Солардың бірі өзінің сүйікті ісін ашқан жас кәсіпкер, түйсігі тың идеяларға толы азамат — Нұржан Нысанбаев. «Адам дәрігері адамдарды емдейді, ал мал дәрігері түрлі адамзаттың емшісі» дейді дана халқымыз. «Малым – жанымның садағасы» дейтін аталарымыз аман-саулықты да малдың амандығынан бастауы да осыдан шығар…
Өзінің мамандығы сол болған соң да малдың саулығына бірінші мән беретін Нұржан Нысанбаев жуырда ауылынан мал дәрігерлік дәріхана ашты. Аталмыш дәріханадан ит пен мысықтан бастап, барлық малға қажетті дәрілер мен қажетті дәрумендер, тіпті әр түрлі мал ауруларына қарсы қолданылатын екпелерді де ауылға әкеліп қойыпты.
Ветеринариялық дәріхананы ашу үшін Нұржан «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында өзінің бизнес жобасын арнайы комиссияға тапсырған еді.
Комиссияның оң шешімін алған ол нәтижесінде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алды. Өзінің ойға алған ісін жүзеге асыру үшін ұсынылған кепілдігінің көлеміне сәйкес, 3 400 000 мың теңге қаржыға дәріханаға, әсіресе дәрілерді сақтауға қажетті жабдықтар сатып алды.
Осыған дейін Ойылға шапқылап, болмаса Ақтөбеден арнайы алдыратын дәрі мен түрлі аурулардың алдын алуға қолданылатын екпелер енді жергілікті дәріханадан қолжетімді бағамен тұр. Ұтымды жобалар арқылы кәсіп көзін ашқан жігітке жерлестері ризашылығын білдірсе, Нұржанның өзі ойын жүзеге асыруға мүмкіндік туғызған мемлекеттік қолдауға дән риза.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар