Басты тақырыпСпорт

Балғын палуандардың байрақты бәсекесі

Өткен аптаның жұма, сенбі күндері Ойыл селосындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай және Ойыл ауданының 100 жылдығына арналған еркін күрестен 2009 – 2010, 2011 – 2013 ж.т. жасөспірімдер арасындағы облыстық турнир өтті.

Дүбірлі додаға Ақтөбе облысының грек-рим, еркін күрес федерациясының вице-президенті Даурен Жабасов, еркін күрестен бірнеше дүркін әлем чемпионы, ардагерлерге арналған күрес бөлімі (еркін күрес, грек-рим, дзюдо, самбо, грэппленгтен) жаттықтырушы, Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Қуаныш Мырза, Ақтөбе облысы әкімдігінің қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Қойлыбаев, еркін күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстан чемпионы, ардагерлер арасында 2021 жылғы ашық Ресей чемпионатының жеңімпазы Сабыржан Жолдаев, МК UWW төрешісі, ардагер-шеберлер арасындағы еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері, ТМД және Балтық елдерінің чемпионы Тағыберген Сейітбекұлы, еркін күрестен және грэппленгтен 6 дүркін әлем чемпионы, Әнуар Уксумбаев, гір көтеруден еңбек сіңірген спорт шебері, 12 дүркін әлем чемпионы, 21 дүркін Қазақстан чемпионы, 2 дүркін Еуропа чемпионы, әлем рекордшысы, абсолюттік рекордшы Евгений Гончаров пен 2015 жылы Қазақстан Президенті кубогының қола жүлдегері, 2018 жылы Азия чемпионы атанды. 2018 жылғы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Әлем чемпионатында қола жүлдегері, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаевтар келді.
Облыстық жарысты салтанатты ашқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев жұртшылықты спорт мерекесімен құттықтап, аудан әкімдігінің атынан еліміздің мақтанышы, еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаевқа ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Салтанатты сәттен соң еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Валентинұлы Санаевтың қатысуымен шеберлік сағатын өткізді.
Еркін күрестен байрақты бәсекелерге енді-енді қадам басқан балғын палуандарымыз Нұрисламның бағындырған белестеріне қызығушылық танытып, шеберлік сағаттарына үлкен белсенділікпен ат салысты. Сондай-ақ, Олимпиада жүлдегерін «тірілей» көріп, тікелей тілдескен балғын палуандар жолын берсін деген тілекпен естелік суретке түсіп, жетістікке жетудің жолы еселеп төгілген маңдай тердің арқасында екенін ұғынды.
Аталған спорттық додаға Ойыл, Ақтөбе, Мәртук, Қобда, Байғанин, Қандағаш, Темір, Алға, Мұғалжар және Батыс Қазақстан облысының командалары қатысып, боз кілемде 246 балғын палуан бақтарын сынады. Бірін-біріне есе жібермеуге тырысқан жас тұйғындар боз кілемде бар білгендерін көрсетіп, жарысты әп-сәттен қыздыра түсті. Жерлестеріміз кілемге шыққанда «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын!» — деген тілеулес жанкүйерлердің жас палуандарға жігер берген қиқуынан құлақ тұнды.
Әлбетте «Бақ шаба ма, бап шаба ма?», демекші, палуандардың бұл спорт түрін жетік меңгергенімен, баптан гөрі бақтың да жанған шақтарына куә болдық. Десе де біздің ойылдық палуандарымыз барлық салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындарды қанжығамызға байлап берді. Нақтырақ айтсақ, 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы сында 26 килограмм салмақ дәрежесі бойынша С.Болатұлы ІІІ орын, 29 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Д.Бітімбаев І орын, Е.Әділұлы ІІІ орын, 32 килограмм салмақ дәрежесі бойынша М.Ұланұлы І орын, Д.Айғалиұлы ІІ орын, 35 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Е.Бауыржанұлы мен Д.Мұханбетов ІІІ орын, 38 килограмм салмақ дәрежесі бойынша А.Шыңғу І орын, Ә.Ықылас ІІІ орынды жеңіп алды.
2011-2013 жылы туылған жасөспірімдер арасында 20 килограмм салмақ дәрежесі бойынша М.Рысқалиев І орын, 23 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Ғ.Алтаев І орын, 26 килограмм салмақ дәрежесі бойынша М.Алпысбай ІІ орын, Ә.Аманжанов ІІІ орын, 29 килограмм салмақ дәрежесі бойынша А.Нығыметов ІІІ орын, 32 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Н.Өтегұлов ІІІ орын, 35 килограмм салмақ дәрежесі бойынша М.Берекет ІІ орын, 38 килограмм салмақ дәрежесі бойынша О.Жолдығалиев ІІІ орын, +48 килограмм салмақ дәрежесі бойынша А.Алтай І орын, Ә.Қанат пен А.Балтабев ІІІ орынды еншіледі.
P.S. Айта кетсек, облыстық турнирдің өткізілуіне аудан әкімдігі, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, 1992 жылы туылған азаматтар және бірқатар жеке кәсіпкерлер қаржылай демеушілік көрсетті.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
«Ойыл» газеті.

Басқа жаңалықтар