Спорт
Аудан әкімі спортшыларды қабылдады
«Атаңның емес, Отаныңның ұлы бол!» - деген сөз спортшыларға арналғандай. Өйткені, ол додаға түссе, «үйде анасы тақымын қысса», жерлестері де желпініп қалады. Ал, байрақты бәсекеде жеңіске жетсе, ауданның мерейі асқақтайды. Облыстық, республикалық жарыстарды «Кімнің баласы?» - деп сұрамайды, «Қай жердің баласы?» - деп сұрайды.
Сондықтан, бүгін аудан әкімі Дастан Сағыров әртүрлі деңгейлі жарыстарда топ жарып немесе жүлделі орындарға қол созып, ауданның, тіпті облыстың намысын абыроймен қорғап жүрген бір топ спортшыны қабылдап, бүгінгі мерекеге орай лебізі мен алғысын жаудырып, емен-жарқын әңгімелесті. Әкімнің қабылдауында болып, марапатқа ие болған спортшылардың ішінде саралжындық тоғыз жасар Аяжан Сағынтайқызының шоқтығы биік. Ол жуырда ғана Ақмола облысының Ерейментау қаласында ұлттық спортымыз – тоғықұмалақтан өткен республикалық турнирде бас жүлде ие болды. Ал, шәкіртінің жетістігі мен аудандағы ұлттық спорттың даму деңгейі туралы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақ бөлімінің жаттықтырушысы Нұрлан Арихов баяндады.
Облыстық халық ойындары, «Ақ бидай» ойындарының, облыстық волейбол федерациясының ұйымдастыруымен өткен қала чемпионатының жеңімпаздары Айбат Дайрабаев пен Ықылас Жақсылықов, еркін күрестен жасөспірімдер арасында өткен облыс чемпионатының күміс жүлдегерлері, Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебінің 10-шы класс оқушылары Әли Қабдырахман мен Бауыржан Ғалымжановтар да аудан әкімінің қолынан алғыс хат алды.