Басты тақырыпСпорт
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫ ЕСКЕ АЛДЫ
Өткен сенбі Саралжын ауылдық округінде ардақты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі Нұрсұлтан Сафинді еске алуға арналған ерлер арасында волейболдан облыстық ашық турнир өтті.
Тартысты бәсекеге бақ сынауға ниет білдірген «АЗФ»командасы, «Арғымақ», «Ұлан», «Байғанин», «Ойыл», «Кемер», «Кемер жастары» құрамалары болды. Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілесе,келесі кезекте Нұрсұлтан Ақдәулетұлының бауыры Нұрлан Сафин сөз алып,өзінің ізгі лебізін білдірді.Турнир нәтижесінде ІІІ, ІІ орынды Ақтөбе қаласынан келген «Ұлан», «Арғымақ» командалары місе тұтса, І орынға «Кемер» командасы ие болды. Жарыстың жабылу салтанатында жеңімпаздармен қатар әдемі ойын өрнегін көрсете білген ойыншылар да марапатқа ие болды. «Үздік шабуылшы» Асылан Ізбергенұлы, «Үздік байланыстырушы» Болат Байбек, «Үздік қорғаушы» Мұхамбетқасым Рахметоллаұлы атанып, арнаулы сыйлықтар табысталды.
Нұрсұлтан Ақдәулетұлы – 1951 жылы 20 желтоқсанда Саралжын ауылында дүниеге келген. Орта білімді туған ауылында алған. Кейін Ақтөбе педагогикалық институтының физика факультетін тәмамдаған. 1973 жылдан бастап кіндік қаны тамған өңірде ұлағатты ұстаздық қызметке кіріседі. Дәл осы сәттен бастап Нұрсұлтан Ақдәулетұлы саналы ғұмырының 40 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Талапшылығы мен табандылығын тек мектеп қабырғасында емес, қоғамда да көрсете білген кезі аз емес.
Оған дәлел «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты бастамаға ауыл жастарын бір жұдырықтай жұмылдырды. Бейнеттің зейнеті ретінде мектеп жеңіл көлікке ие болды. Нұрсұлтан Ақдәулетұлы әр жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, облыстық, аудандық мадақтамаларымен марапатталды.
Р.S. Облыстық турнир жеңімпаздары мадақтама қағаздары, медальдармен және ауыл кәсіпкерлерінің, Нұрсұлтан Сафиннің балаларының демеушілігімен қаржылай, естелік сыйлықтармен марапатталды.