ӘлеуметБасты тақырып

Алғыс айту күні ақ тілектер ақтарылды

КӨКТЕМНІҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІМЕН ҚАТАР КЕЛГЕН 1 НАУРЫЗ «АЛҒЫС АЙТУ» КҮНІН БІЗДІҢ АУДАН ДА ТАҢЕРТЕМЕН ТОЙЛАДЫ. МӘДЕНИ КӨПШІЛІК ШАРАЛАР МЕРЕКЕГЕ АРҚАУ БОЛДЫ. КӨШЕ БОЙЫНДАҒЫ ӘР АДАМНЫҢ ЖҮЗІНЕН ЖЫЛЫЛЫҚ ПЕН МЕЙІРІМДІЛІКТІ БАЙҚАДЫҚ. БӘРІ ДЕ БІРІ-БІРІНЕ ШЕКСІЗ АЛҒЫСТАРЫН АЙТЫП, ҚОС-ҚОСТАН ШҮЙІРКЕЛЕСІП БАРА ЖАТҚАН АДАМНЫҢ ҚАРАСЫ КӨП БОЛДЫ.

Аудандық мәдениет үйінде өткен мәдени көпшілік шара соның бір дәлелі. Өйткені мұнда жиылған көпшілік бір-біріне алғыстарын жеткізіп, аудандағы мәдениет өнерпаздары жиылған көпшілікке әсем ән мен жырдан шашу шашты. Көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Оқушылар ұстаздарына, ата-аналарына алғыстарын білдіріп, ақ тілектерін ақтарды. Айтулы шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Дастан Сағыров ауданның даму жолында азаматтық үлестерін қосқан барша ойылдықтарға айрықша алғысын айтып, бірқатар мекеме қызметкерлерін алғыс хаттарымен марапаттады.

Айта кетсек, осы аудан басшысының бастамасымен қолға алынған «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында барлық ауылдық округтер мен мекемелер арасында атқарылған шаралар бейнебаян арқылы көпшілік назарына ұсынылса, айтулы акцияға дәл сол күні де өз үлестерін қосқандар көп болды. Әсіресе жеке кәсіпкерлер көбірек жомарттық танытты. Осыдан тура бір күн бұрын қайырымдылық концерт қойған аудандық аурухана ұжымы концерттен түскен қаржыны аз қамтылған отбасыларға бөліп берді. Сонымен бірге мәдениет саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлерінің атынан жуырда ғана тілсіз жаудың кесірінен баспанасыз қалған Ержан Еңсегеновке 35 мың теңге көлемінде сертификат табысталды. Оған қоса Халықтық «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелері де өздерінің шама-шарқына қарай жинаған қаржылай көмегін көпшіліктің көзінше сыйлап, Ержанды ер азаматқа тән сабырлықпен ұстамды болуға шақырды. Әрине қыстың қақ ортасында баспанасыз қалу кім-кімге оңай тимесі анық. Сондықтан Ержанға деген қолдау-көмектер мұнымен шектеліп қалмады. Одан бөлек, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Ұлттық сараптама орталығының Ойыл бөлімшесі, аудандық мүгедектері қоғамынан қаржылай көмектер көрсетілді.

Басқа жаңалықтар