Әлеумет

«Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні» Біздің аудан да ат салысты

Ата-бабамыз «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаса керек. Өйткені бабаның тал қондырғаны, өзіне ат қалдырғаны. Жалпы біздің ауданда ауыл-аймақты абаттандыру, көркейту жұмыстары кең етек алып келеді. Оның нақты көрінісі көшелердегі егілген талдарды күтіп баптау мақсатында салынып жатқан қоршаулар. «Ағаш айқайға құламайды». Десек те, әр түп талдың тамыр жайып, бой көтеріп кетуі үшін атқарылатын жұмыстары көп екені белгілі. Бүгінгі егілген тал, шыбықтар ертеңгі күні ауданымыздың келбетіне сән беріп тұратын саялы ағашқа айналып кетуі ел болып жасаған жұмысымыздың жемісі болмақ. Сондықтан тал егу үрдісіне әр ауылдарда өз үлестерін қосуда. Себебі бабалар еккен шынарды ертеңгі күні балалар саялайтыны шындық.

Жыл сайын сәуір айының үшінші сенбісінде  елімізде  «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы күні өткізіліп, елді мекендерде жасыл екпелер отырғызу жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталған шараға орманға жанашырлықпен қарайтын Ойыл ауданы тұрғындары да зор ықыласпен атсалысты.
Осы орайда «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясына аудандағы 794 адам қатысты. Оларды жіктер болсақ, акцияға атсалысқандардың  басым бөлігі, яғни 617-сі мемлекеттік қызметкерлер. 153-і оқу орындарының мамандары мен мұғалімдері. Ал, 24 адам аудандағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері. Жалпы бұл күні аудандағы 19 елді мекенде 2371 ағаш көшеттері отырғызылды. Ал, отырғызылған көшеттердің 899 түбін Ойыл орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі дайындаса, 1270 түп демеушілер есебінен алынды. Ойыл орман шаруашылғы коммуналдық мемлекеттік мекемесі мамандарымен көшет сатып алушыларға көшет түрлеріне қарай оларды отырғызу, күтіп баптау кеңестері берілді. Бұл жұмыстың басым бөлігі аудан орталығында атқарылғанын да айта кетуіміз керек.
Ауданның кіре берісіндегі көпірдің маңына 400 түп көшет отырғызылып, толықтай суарылды. Бұл жұмыстар аяқталысымен барша жиылғандар «Таза жағажай» экологиялық акциясында да белсенділік танытты. Өзен жағалауындағы тұрмыстық қалдықтарды тазалады. Сонымен қатар елді мекендерде де өзен, су жағалауларын, автокөлік жолдарының айналасын шашылған шөлмектерден, тасталған тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізілді.
Ақтөбе облысы әкімдігінің ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін арттыру бойынша қадамдық жоспарымен бекітілген елді мекендерге белгіленген жоспарға сәйкес ағаш-бұта көшеттері отырғызылуда.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар