Басты тақырып

Әз Наурыз әлі де тойлана береді

Аптаның өткен жұмасында көше тұрғындары тарту еткен мерекелік дастарханынан дәм татып, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеген думанға тағы бір мәрте куә болдық. Бұл күнгі репортаж құбылған күн райымен есте қалды.

Таңертеңнен қылаулаған қардың соңы қатты желдің екпінімен түтеген боранға ұласып, жер ана ақ мамыққа қайта оранды. Алайда апта сайын Әз Наурызды тойлап келе жатқан көше тұрғындары бұл жолы да мерекені айрықша атап өтті. Наурыз мерекесін Шернияз, Д.Медетбаев, Н.Тапалова көшелерінің тұрғындары Шернияз көшесінің бойына сән беріп тұрған сәулетті моншаның алдында тойлады. Ағаш үй тігіліп, көше тұрғындарына тегін наурыз көже таратылды. Арқан тартыс, қол күрес, кір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылып, көше өнерпаздары қазақтың көне салт-дәстүрлерінен сахналық қойылымдар қойды. Ақ түтек астындағы ашық сахнада ән салған көше өнерпаздарының ұлттық мерекеге қосқан үлесі зор. Суық басқан денемізді сілкіп, рухымызды бір көтерді. Айтулы шараға аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева арнайы қатысып, ауыл ақсақалдарымен бірге ағаш үйдің ішінде жайылған мерекелік дастарханнан дәм татты. Атап өтсек, ұлттық ойындар өте тартысты өтті. Гір тасын көтеруден Н.Тапалова көшесінің тұрғыны Ерсайын Дербісов алға шықса, «Күш атасын танымас» демекші, қол күрестен Шернияз көшесінің тұрғыны Ақберен Бәйтерековқа жол берді. Арқан тартыс сайысына қатысқан нағыз күштілердің арасында топ жарған Шернияз көшесінің жігіттері жеңімпаз атанды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар