ӘкімдікБасты тақырып
Тұрақты комиссияның көшпелі отырысы Үй жануарларының бағылу тәртібін түсіндіру
ӨТКЕН АПТАДА АУДАНҒА ҚАРАСТЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДЕ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ, БЮДЖЕТ, ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ АГРАРЛЫҚ САЛА МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯСЫНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСТАРЫ ӨТКІЗІЛДІ. САРБИ, ҚАРАОЙ, КӨПТОҒАЙ, ҚАРАТАЛ, САРАЛЖЫН, ҚАЙЫҢДЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРІНЕ АРНАЙЫ ІС-САПАРМЕН ШЫҚҚАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҰСЫНЫС-ТІЛЕКТЕРІН ТЫҢДАП, ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН БАҚЫЛАДЫ.
Көшпелі тұрақты комиссия отырысына аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин, аудандық мәслихат депутаттары мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің өкілі қатысты.
Күн тәртібіне қазіргі таңдағы өзекті мәселелер болып отырған Ақтөбе облыстық мәслихатының «Ақтөбе облысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидаларын бекіту туралы» және «Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарында жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың Қағидаларын, абаттандырудың Қағидаларын бекіту туралы» шешімдерінің орындалуы туралы мәселелер енгізілді.
Аталған шешімдердің орындалуы туралы тиісті ауылдық округтердің әкімдері мен аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары хабарламалар жасап, тұрақты комиссияның қаулылары қабылданды. Қазіргі таңда өзекті мәселеге айналған проблемалардың бірі үй жануарларын күтіп бағу жұмыстары болып отыр. Сондықтан осы жұмыстардың тиянақты жүзеге асыру үшін ауыл тұрғындары арасында түсінік жұмыстары жүргізілуде.
Осы орайда өткен аптада аудандық мәслихат депутаттары Саралжын ауылдық округіне қарасты елді мекендерді аралап, ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының иелерімен пікір алмасты. Тарқатып айтсақ, алдымен «Тәжібай-АГРО» ЖШС-нің директоры Абыл Сатаевпен арнайы тілдесіп, шаруашылық жайында әңгіме өрбітті.
Одан кейін Тайсойған елді мекеніне жүргізіліп жатқан ауыз су құбырының жұмысын бақылап, ауылдық клубтың ағымдағы жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. Ауылдардың тыныс-тіршілігін басты назардан тыс қалдырмаған аудандық мәслихат депутаттары Шиқұдық елді мекеніне де арнайы барып, ауыз біршіліктегі ауылдың жайына қанық болды. Сонымен қатар қара жерге түйірлеп дән сеуіп, табыс табудың тыңғылықты тәсіліне көшкен «Спарта» шаруа қожалығының төрағасы Спартак Төремұратовпен жүздесіп, шаруаның жұмысына сәттілік тіледі.
Саралжын ауылдық округі бойынша екі бағытта мал күтімі ұйымдастырылған. Алайда жайылымдық жер аздық етуде. Кезінде жер телімдері ауыл маңынан жеке шаруа қожалықтарға берілген. Сонымен қатар Шопан ата төлін ауылдың сыртына бағуды ұйымдастыруды көздеп отыр. Өйткені қой тұяғы жерді тоздыруда. Мал азығы бойынша әкімшілікке қарасты 5 мың гектарға жуық жер бар. Округ әкімінің айтуынша шаруа қожалықтарға 2000 тюктен мал азығы қорын жасақтау жұмыстарын жандандыруға түсінік жұмыстары жүргізілуде. Малды күтіп бағу үрдісі мардымды. Ағымдағы жыл ішінде округте ауыр қылмыс пен мал ұрлығы тіркелмеген. Тазалық жұмыстары да тиісінше атқарылып жатқаны байқалады. Бұл округке қарасты барлық елді мекендер тап-таза. Жарықтандыру жұмыстары да көңіл қуантады.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Саралжын-Ойыл.