Әлеумет

«Отбасы – алтын бесігім»

15 мамыр «Халықаралық отбасы күніне» орай аудан орталығындағы ұйымдастырылған «Отбасы – алтын бесігім» атты отбасылық демалыс  шарасы велошерумен басталды. Ойыл аудандық мәдениет үйінің алдынан қозғалған велошерушілер «Тәуелсіздік» көшесінің бойында орналасқан Отбасылық саябаққа дейін барды. Айтулы мереке әрі қарай «отбасылық саябақ» ішіндегі мәдени көпшілік шарамен жалғасты.

Түстен кейін Көкжар көгін торлаған қара бұлттан төгілген нөсер еш кедергі келтірмеді. Себебі, жанұясымен жиылған жұртшылық құбылған күн райын елемеді. Керісінше мерекеге арналған шараны тамашалауға асықты. Со ндықтан болар қабарып келген қалың қара бұлттар көпшіліктің кең пейілін көріп қабағын ашқандай әсерде қалдырды. Толығырақ тарқатсақ, «Отбасылық саябақ» ішіндегі шараның шымылдығы мектеп оқушылары тарту еткен «Сельфи» әнімен ашылды. Айтулы мерекеде аудан әкімі Дастан Сағыров барша жұртшылықты мерекелерімен құттықтап, Меруеновтер отбасын — «Үлгілі отбасы», Халидуллиндер отбасын — «Үздік оқырман отбасы», Ешпановтар отбасын — «Өнерлі отбасы», қорғаншылықта бала тәрбиелеп отырған Өтеновтер отбасын — «Қамқоршы отбасы» номинациялары бойынша марапаттады. Сонымен бірге халықаралық отбасы күніне орай, ауданда отбасылық құндылықтарды сақтап, ұлттық тәрбиені дәріптеудегі белсенділігі үшін Нұрғабыловтар және Бекетаевтар отбасына арнайы алғыс хаттар табыстады.

Айта кетсек, айтулы мереке қарсаңында ойылдық жас отбасылар арасында ұйымдастырылған «Менің отбасым, менің жанұям» атты интернет байқауында жоғары белсенділік танытып, аудан тұрғындарының ықыласына бөленіп 1566 қолдау жинаған жас отбасы Әділқайыровтар отбасы да марапаттан тыс қалмады. Мерекелік концертті әуезді әндерімен әрлеген өнерлі отбасылар көп болды. Әр отбасы жұптаса шырқаған әндерден таза татулық пен береке, бірліктің лебі есті. Оған қоса «Балдырған» балабақша ұжымы «Жанұя» қойылымын көпшілік назарына ұсынса, аудандық аурухана ұжымы «Перзентхананың бір күні» атты қойылымымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ «Жолшы» балабақша ұжымы да өскелең ұрпаққа өнеге боларлық ауылдағы тұрмыс-тіршіліктің бір күнін бейнелесе, Бақтыгереевтер отбасы «Біз татулықты дәріптейміз» көрінісімен көпшілікті тәнті етті. Әрі қарай сахна төріне кезектесе шыққан көнекөз қарияларымыз ақ тілектерін ақтарып, ақ баталарын аямады.

P.S.
Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрдің сақтаушысы болса, сол ұғымды жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында даналық кітаптарын арқалап әкелген аудандық орталық кітапхана қызметкерлері «Отбасы – бақыт мекені» атты кітап көрмесін көпшілік назарына тарту етті.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар