ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ОБЛЫС ӘКІМІ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ОЙЫЛ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

Мұнда Асхат Шахаров Шиқұдық, Қаратал, Ойыл ауылдарында болып, тұрғындармен кездесті.Су тасқыны кезінде залал келген Саралжын және Ойыл селосына кіреберіс көпірдің жай-күйімен танысты. Аудан орталығындағы жаңа тұрғын үй салынатын аумақта жер учаскелерінің бөлінуін бағамдады.

Өңір басшысы Шиқұдық ауылына ат басын тіреді. Өйткені, су тасқыны 174 тұрғыны бар ауылдың жолын бұзып кетті. Соның салдарынан тұтас ауыл барлық аймақпен қатынассыз қалды. Жергілікті белсенді азаматтар облыс әкімінен жол мен көпірді қалыпқа келтіріп беруді сұрады. Жақын күндері елді мекенге жол саласының мамандары келіп, мәселені шешу жолдарын қарастырады.
Шиқұдық орта мектебіне барған өңір басшысы оқушылармен тілдесті. 9 жылдық білім ордасында 48 бала оқиды, 18 мұғалім дәріс береді. Саманнан салынған мектеп 2000 жылы бой көтерген. Қазір мұнда жаңа мектеп салу қажеттілігі бар. Асхат Шахаров аудан әкіміне бұл мәселені білім басқармасымен келісіп, жоспарға енгізуді тапсырды.


ОЙЫЛ АУДАНЫНДА КӨПІРЛЕРДІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Табиғи апаттан Саралжын ауылдық округі аумағындағы көпір де іске аспай қалды. Қазір халық айналма жолмен қатынап жүр.
2008 жыл салынған көпірдің жалпы ұзындығы – 100 метр. Нысанның тіреуіш бағаналары ауыстырылады. Облыс әкімі құрылыста асықпауды, сапалы материалдар пайдалануды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына міндеттеді.
Ойыл ауылына кіреберіс көпір де жөндеуді қажет етеді. Мұнда су ағысы қатты болып, көпірдің тірегі істен шыққан еді. Қазір уақытша жол салатын мердігер анықталды. Сонымен қатар техникалық тексеру қорытындысы шыққан соң, құрылыс басталады. «ТенгизСтройСервисГрупп» мекемесі тірек бағаналарының жағдайын тексеріп, жер қыртысын зерттеуде.
ОЙЫЛ АУДАНЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ 103 МЛН. ТЕҢГЕ ТӨЛЕНДІ
Көктемгі су тасқынында Қаратал ауылында 236 үйді су басты. Материалдық шығынды есептейтін комиссия шешімімен, 19 үй қайта жөнделеді.
178 үйдің іргетасы жаңадан қаланады. 34 қараталдық отбасы аудан орталығына көшу туралы шешім қабылдаған. Өңір басшысымен кездесуде тұрғындарды тұрғын үйлер қашан бой көтереді, ауыл маңында бөгет салына ма деген сұрақтар қызықтырды.
«Өздеріңізге белгілі, су тасқынының салдарын жою – Мемлекет басшысының қатаң бақылауында. Президент айтқандай, табиғи апаттың зардабын көрген әрбір жанға көмек қолын созамыз. Құрылған комиссия шығынды есептеп жатыр, бағасын береді. Соның негізінде біржолғы әлеуметтік төлемді төлеп жатырмыз. Мүлік жарамсыз болса, жаңадан үй саламыз. Малдың шығыны үш түрлі жолмен есептелуде. Бастысы – ресми ақпарат көздеріне сену, алыпқашпа әңгімелерге сенбеу. Біршама жұмыс істеліп жатыр. Сіздерден де қолдау күтеміз», — деп атап өтті Асхат Шахаров.
Қараталда үйі құлағандардың бірі – 70 жастағы Күләш Рүстенова. Әжей үйіне барған өңір басшысына туған жерінен көшпейтінін жеткізді.
«Судың қарқыны қатты болды. Қалай келгенін байқамай қалдық. Басымыз аман. Жаңадан үй салып береміз деді. Ауылда қаламыз.
Ешқайда көшкіміз келмейді. Қорадағы малдың да өтеуі төленеді екен. Бірреттік төлем — 369 мың теңгені балаларым алыпты, көмек көрсетіліп жатыр», — деді көзіне жас алған Күләш Рүстенова.
Қазіргі уақытта Ойыл ауданы бойынша 100 айлық есептік көрсеткішті құрайтын әлеуметтік төлем 270 отбасыға берілді. Ал, бүлінген мүлікке берілген сома 54 млн теңгеге жуықтайды, оны 17 отбасы алған. Жұмыс сапарының соңында Асхат Шахаров Ойыл ауылында бой көтеретін жаңа үйлерге бөлінген аумаққа барды. Алдын ала есеп бойынша, барлық инфрақұрылымы тартылған бұл жерге Екпетал, Жаңабаз және Қаратал ауылының тұрғындары үшін 100-ден аса үй салынады.
СУ ТАСҚЫНЫ КЕЗІНДЕ ӨЛГЕН МАЛ ҮШІН ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕ БАСТАДЫ
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне су тасқыны салдарынан өлген 165 бас мал үшін 25 миллион теңге аударылды. Жалпы, өңірде 3232 бас мал өлді деген дерек тіркелді. Өртелген 3120 малдың көбі арнайы құрылғы — инсенератормен жойылған.
«Кешегі күннен бастап мал иелеріне өтемақы төлеу басталды. 165 бас малға 25 миллион теңге қаражат бөлінді. Өтінімдерге сәйкес барлығы өтеледі. Шығынның дені – Ойыл ауданында», — дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.
Ойыл ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асхат Шахаров мал өлекселерінің утилизациялау барысымен танысты.
Қазірге дейін мал шығыны тіркелген 6 ауданның бесеуінде өлекселерді өртеу жұмыстары толықтай аяқталды. Бұл шараларға республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың 19 қызметкері мен облыстағы мамандар тартылған.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайдың айтуынша, көмілген өлекселердің ауаға еш зияны жоқ. Өртенген мал өлекселерінің күлі ор-шұңқырларға топырақпен көмеді. Мұнда дезинфекция жұмыстары жүргізіледі.

Басқа жаңалықтар