Спорт

Туған жері Ұланын ұлықтады

Бүгін Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жерлестері қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы Ұлан Мұқашевпен кездесті. Жасынан күрес  өнерін серік еткен Ұланның жетістігі жеткілікті. Талай жарыста топ жарды. Өкініштен өзегі өртеніп, бармағын тістеген сәттер де болды. Бірақ, бойындағы қайнаған намыстан қайралған Ұлан алға қойған мақсатына шыңдалу арқылы жететінін түсінді. Жеңістің бәрі тәтті. Дегенмен, 15 жыл бойы шүмектеп төгілген тердің өтеуі – бұл жолғы жеңістің дәмі бөлек. Әлемнің алдында Қазақ елінің көк байрағын желбіретіп, әнұранын қалықтатты. Ойылдан шыққан тұңғыш әлем чемпионымен кездесуге келген жерлестері спорт мектебінің ауласын нағыз думанға айналды. Кеудені кернеген қуаныш талайды толқытты. Алдымен чемпионды аудан әкімі Дастан Сағыров құттықтап, аудан халқының атынан батырдың иығына шапан жапты. 500 мың теңгенің сертификатын ұсынды. Ал, Ұланның өзі жеңісін – «Ойылдың жеңісі» — деп жұртшылықты дүр сілкіндірді. Аманғос ақсақал бата берсе, жерлес ағалары ат мінгізіп, шапан жапты. Кездесуден соң, чемпион ізбасарларына шеберлік сағатын өткізіп, қолтаңба берді.

Басқа жаңалықтар