Әлеумет

Қасиетті рамазан айында қайырымдылық көрсетті

1982 ЖЫЛЫ ТУҒАН АЗАМАТТАР БИЫЛ ҮШІНІ МҮШЕЛ, 37 ЖАСҚА ТОЛЫП ЖАТЫР. ОҒАН ҚОСА ОЛАРДЫҢ МЕКТЕП БІТІРГЕНДЕРІНЕ БИЫЛ 20 ЖЫЛ. ОСЫ ОРАЙДА ОЙЫЛ ОРЫС ОРТА МЕКТЕБІНІҢ 1999 ЖЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕРІ 20 ЖЫЛДЫҚТАРЫН ДҮРКІРЕТІП, ДҮБІРЛЕТІП ТОЙЛАМАС БҰРЫН ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫНДА ҚАЙЫРЫМДЫ ІС ЖАСАДЫ.

Толығырақ тарқатсақ, Шернияз көшесінің бойында тұратын көмекке мұқтаж, аз қамтылған отбасы, Нұрлан Омаров есімді азаматтың үйіне көгілдір отынын кірігізіп беріп, айрықша алғыс алды. Үйдің құжаттарын реттеуден бастап, жылыту пештеріне дейін қондырып, машақаты көп жұмыстың соңына дейін қолғабыс етті. Қыс суығына құлазып, көп отынды қажет ететін қараша үй қазір қатардағы жауынгердей қызмет етуге әбден дайын тұр. Аудандық газ шаруашылығынан рұқсат қағазы берілсе, көгілдір отын көп ұзамай Кермеқас апамыздың шайын сарқылдатып қайнатуына да аз қалды. Енді қара шаңырақ иесі Нұрлан ағамыз қысқы отын іздеп сабылмайтын болды. Сондықтан да осылай ізгі ниеттерімен ізгілікті іс жасаған 1982 жылы туылған азаматтар мен азаматшаларға жары ….. айтар алғысы шексіз. Өткен жексенбіде айтулы шаңыраққа жиналып, бас қосқан 1982 жылғы азаматтар ақ дастархан басында Ойыл аудандық мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Серікұлына аруақтардың рухына, қайырымды шараның қабыл болып, мүшел жасқа толып жатқандықтан бастарының, бала-шағаларының амандығына арнап құран бағыштатты. Бұл шараға түлектердің ұстаздары А.Отарова мен М.Сармұханова арнайы келіп қатысты. Оқушыларының мектеп кезінен ұйымшыл, бастамашыл болғандарын айтып, алтын ұядағы қызықты шақтарынан сыр шертті. Сондай-ақ шаңырақ иелеріне ізгі тілектерін арнап, алдағы уақытта да дәл осы сынды қайырымды шаралар жалғасын табатындығын жеткізді. Ойыл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Молдашқал Қазмұханов кейінгі буынға үлгі боларлық іс атқарған азаматтардың ізгі ниеттеріне тәнті бола отырып, жергілікті билік өкілдерінің атынан алғысын жеткізсе, аталған азаматтардың атқарып жатқан жұмыстарын көріп, куә болған Нұрланның көршісі Ермек апа да қуанышында шек жоқ екенін жасырмады. Айта кетсек, дастархан басындағы алғыс пен ізгі лебіздер ақтарылған шараға төбесін көрсетіп келгендердің қатары аз болғанымен қомақты қаражатты жинап, қайырымдылық көрсетуде барлығы дерлік барынша үлестерін қосқан. Есімізге түсірсек, былтырғы жылы аудандық мешітте барша жамағатқа ауыз ашар беруде бастама болған да осы азаматтар еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші бізде осындай игі шараға түрткі болған азаматтардың абыройлы істерін баспа бетіне жариялауды жөн санадық.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар