ӘлеуметБасты тақырып

Аудан жастарын Қараойлықтар қарсы алды

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жастарға ерекше көңіл бөліп, биылғы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жарялаған болатын. Биыл осы «Жастар жылының» аясында елімізде жастарды қолдау мақсатында көптеген игі шаралар өтіп келеді. Мұндай шаралардан ауыл жастары да тысқары қалып жатқан жоқ. Оның басты айғағы аудан әкімі ресми жиындардан бөлек әр ауылдың жастарымен ашық сұхбат құрып, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, ауылдарға арнайы шығып, жастармен кездесулер өткізіп жүр. Осындай жастарға деген шексіз қолдаудың нәтижесінде шет жерде арман қуып, еңбек етіп жүрген ауданның бірқатар жастары туған жерге оралып, жерлестерімен жүздесіп жүр. Солардың бірі — Асылхан Төлепов. «Жау жүрек мың бала» фильмі мен «Сұңқар» телехикаясының басты рөлін сомдаған Қазақстан Республикасының театр және кино актері, «Серпін», «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Өткен аптада «Жастар — болашаққа жол бастар» атты Қараойда өткен жастар күніне Алматы қаласынан әкесі Сайлау Төлеповпен бірге кіндік қаны тамған жерге арнайы келді. Толғырақ тарқатсақ, алдымен Қараойға әр ауылдық округтен таңсәріден ағылған жастар делегаты ауылдың кіре берісіне тігілген ағаш үйден дәм татты. Жастар күні таңертемен жалынды жастардың жалауын желбіреткен көліктер шеруімен басталды. Сәні мен сырт келбеті жарасқан шалғай ауылдың көшелерін аралаған көліктер шеруі село шетіндегі саябаққа барып тоқтады. Ауданнан және облыс орталығынан келген меймандар саябақ ішінен жағалай орын алған жастардың көрмесімен танысты. Әрі қарай, айтулы саябақта «Жастар күнінің» ашылу салтанаты өтті. Онда аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев аудан әкімінің атынан барша қараойлықтарды жастар күнімен құттықтап, бірқатар ауыл жастарына алғыс хаттарын табыстады. Ауыл әкімі Сәкен Займолдиннің ұйымдастыруымен ауыл кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының қолдау-демеушіліктерінің арқасында өткен шараға қатысқан қараойлықтардың қарасы көп болды. Біз бұл жерде ауыл азаматтарының үлкен ауызбіршілікте екендігін әп сәттен-ақ аңғардық. Өйткені жаныңнан өткен әр қараойлық айтулы шараның абыроймен өтуіне өзінше атсалысып жүр. Сондықтан болар осы киелі топырақтан шыққан Асылхан Төлеповтей ұлдарын ыстық ықыласпен қарсы алып, айрықша қолдау көрсетті. Бірі ақашалай сый көрсетсе, бірі ат мінгізіп, шапан жапты. Ауылдастарының осындай сыйына бөленген жас актер Асылхан Сайлауұлы барша жерлестеріне үлкен алғысын білдірді. 

ӨНЕР БАРЫСЫ ЖЕРЛЕСТЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Осыдан бір-екі күн бұрын аудан орталығына ат басын бұрған белгілі актер Асылхан Төлепов аудан орталығында болып, барша жастармен кездескен болатын. Алыстан ат арылтып келген өнер қыраны кеше кіндік қаны тамған жерге арнайы барды. Ауылдастарына арнайы амандасып, кездесу кешін өткізді. Жан-жақтан жиылған жастар жас актермен ашық сұхбаттасты. Қараой ауылдық клубында өткен кездесу кешінде келіп түскен сауалдар легін саралай келе жауап берген Асылхан Сайлауұлы жалпы өнер жолы оңай жол еместігін жасырмады. Себебі оны танытқан «Жау жүрек мың бала» фильміне түсу үшін көп еңбектенген. 23 мың адамның ішінен таңдау алған жерлесіміздің айтары адамға алдымен бақ берсін дейді. Сонда ғана сенің биіктен көрінуің толық негіз бар. Талантың тасып тұрса да, еңбек етудің жолы басқа екендігін баса айтты. Өйткені «Жау жүрек мың бала» фильміне түсу үшін 2 жыл дайындалған. Содан кейін барып киноны түсіруге 4 ай уақыт кеткен. Ауылдастарымен ашық сұхбат құрған актер ауылға 2007 жылы соңғы рет келіпті. Сол уақыттан бері ауылдың келбеті адам танымастай өзгергендігінде атап өтсе, актердің қатарлас, құрдастары сол бір балалық шақтан сыр бөлісті. Асылханның балалық арманы мүлдем басқа болған. Оның бала күнінде спорттың барысы болуға құлшынысы басым еді. Алайда ол арманы есейе келе өзгерді. Әйтсе ол бала күнінгі арманынан әлі күнге дейін арылған емес. Қазір оның сол арманынан ұлы Алпамыс орындаса дейді. Қазіргі таңда шаңырақ көтеріп, бір баланың әкесі атанып отырған Асылханның таңдауы айрықша. Тек тарихи киноларға түскенді ұнатады. Оны танытқан «Жау жүрек мың бала» фильмі болғандықтан батыр бабаларының кейпінде көпшілік көзіне түскендіктен қазіргі заманауи киноларға түсіп ұсақталғысы келмейді. Бұрын кастинг жарияланған киноларға түсуге өзі іздеп баратын болса, қазір оны режиссерлердің өздері іздеп келеді. Міне өнердің биігіне нағыз ұлттық рух пен ермінезділіктің арқасында шыққан өнер барысының біз көрген кейпі осындай.

P.S.
Атап өтсек, Қараойдағы «Жастар күні» түстен кейін спорттық ойындармен жалғасты. Айтулы шара одан кейін кешкілік Халықаралық, Республикалық байқаулардың лауреаты Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармонияның әншісі қараойлық Еркебұлан Құмаровтың ән кешіне ұласты.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ, Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар