Спорт

Биыл да біраз спортшының басын қосты

Өткен аптаның соңында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан ауыл жастарының аудандық спартакиадасы Көптоғай ауылдық округінде өтті. Сонымен бірге сол күні таңертең еліміздің барлық аймақтарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүзеге асып келе жатқан «Адал жол – честный путь» марафон эстафетасының туы Қараой ауылдық округіне табысталды.
Ал, екі күнге ұласқан айтулы спорттық додада 8 команда спорттың 11 түрінен бақтарын сынады. 300-ге жуық спортшы қатысқан жарыс өте тартысты болды. Спартакиаданың бірінші күні спортшыларымыз футбол, волейбол сынды командалық ойындарды мәреге бір табан жақындатып қойса, асық ату, қол күрес, қазақша күрес, тоғызқұмалық сынды спорт түрлерін кешке дейін аяқтады. Аудандық спартакиада да жыл сайын шыңдалып жүрген барлық спортшылар таңертеңнен құбылған ауа райына қарамастан команда қоржынын еселеуге тырысты. Соңғы жылдарда ауыл жастарының жазғы спартакиадасына қосылған ат спорты Көптоғайда да қолға алынып, ауылдың шыға берісі атқа мінген аптал азаматтардың шуына ұласты.
Жалпы командалық есеп бойынша ІІІ орын Қайыңды жастарына бұйырса, ІІ орынды қараойлықтар еншіледі. Ал, І орынды көптоғайлықтар алып қалды. Өйткені спортқа жанашыр көптоғайлық жанкүйерлердің қолдауы ауылдастарының алға шығуына сәл де болса септігін тигізді. Енді ауыл жастарының аудандық спартакиадасы келесі жылы Сарбиеде өтеді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Көптоғай-Ойыл.

Басқа жаңалықтар