Әлеумет

«Қауіпсіз жол» жол-көлік оқиғаларына жол бермейді

«Атар таңға жүрсең де, Батар күнге жүрме», — дейді дана халқымыз. Себебі, түнгі жол тым ұзақ, әрі қауіпті. Арба сынып, өгіз өлетін заман артта қалды. Қарайғаннан қарашылданып, атымыз үркіп, асауымыз қарғитын сәттер талай жолаушыны жолда қалдырды. Ал, қазір ше? Қазір, тым басқаша. Жер бетінде темір тұлпарлар қаптады. Сондықтан, жоғарыда айтылған мақал қазіргідей техника көбейген заманға арналғандай. Себебі, ауыздықсыз арғымақтай зулап тұрған көлікпен қара түнге қарамай қалаған жеріңе бара аласың. Алайда, оның қауіптілігін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Жылдамдықты асыру салдарынан жол белгілеріне қарамай қиылыс, бұрылыстарда көлікті игере алмай қалады. Одан қалса, ұзақ жолда қалғып кететіндер де бар. Міне осыдан жол көлік оқиғалары орын алады. Сонымен бірге жолда көлікті мас күйінде басқару салдарынан және жол бойында бағусыз малдың кесірінен де жол көлік оқиғалары көп болады. Мұндай жағдайда Ішкі істер қызметкерлері жол бойындағы мал бағатын ауылдар малдарына түн мезгілдерінде жарыққа шағылысатын ленталар байлауын ескертеді. Осы орайда жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында шілде айының 24-28 аралығында «Қауіпсіз жол» атты жедел профилактикалық алдын-алу іс-шарасы өткізіліп аталған шара әрі қарай 29-шы шілде мен 3-і тамыз аралығында облыс орталығында жалғасты.

P.S. Жоғарыда жазылған мақаланы түйіндей келе біздің басты айтарымыз құрметті жерлестер (көлік жүргізушілер) адам өміріне қауіп төндіретін олқылықтар болмас үшін аталған қауіпсіздік шараларын естен шығармайық. «Жол мұраты жету» дегенмен де, адам өмірі одан да маңызды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар