Әлеумет
Елге барып, еңсем түсіп қайтты…
…Ойда жоқта елден суыт хабар жетті. Злиха апам дүниеден озыпты… Пенде байғұс «өмір бар жерде, өлім бар» екенін қанша түп-түйсігімен түсініп-түйсінсе де, бәрібір ет-жақынынан айырылғанда ес жоғалтып, есеңгіреп қалады екен. Қысылтаяңда қанша қиын болса да, еңсе тіктеп, апыл-ғұпыл жолға жиналдық…
Туған жерден жырақ жүргеніме 40 жылдан астам уақыт болыпты. Әлі есімде, мектептің соңғы жылдарын Жетікөлдегі Құдайберген жездем мен Злиха апамның үйінде жатып оқыдым. Міне, енді апам да жездемнің соңынан кетті. Жол бойы Жетікөлде өткен балауса жастық шағым, Злиха апамның жарқын бейнесі көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Қаралы жиынның үстінде қырық жыл көрмеген ауылдас аға-апаларымды, таныс ағайындарымды көріп, бір марқайып қалдым. «Сені көрмей өмірден өтіп кетер ме екем деп, уайымдап жүруші едім?» — деп Қаламқас жеңгем айтпақшы, қаншама қимас жандар өмірден озып кеткен…
– Неге ауылға жиі кеп тұрмайсыңдар? — дейді қайран ауылдастарым өкпе-назын білдіріп.
– Жол шалғай деп сылтау қылатын бұрынғы заман емес, көлікке отырсаң, жарты күнде зыр ете қалмайсыңдар ма?
Аға-апаларымның өкпе-уәжіне толымды жауап таппай, еріксіз тосыла бердім. Жолдың күйі әлі келіспей тұр ғой деп қайдан ақталып жатарсың?
Апамды ақтық сапарға жөнелтерде ауа-райы күрт бұзылып, жапалақтап қар жауып, арты боранға ұласты. Күннің райын байқаған соң шалғайдан келген қонақтар шұғыл жол қамына кірісті. Өткен жылы Жәмилә апамды ақтық сапарға аттандырарда да, тап осындай ақ боранға ұрынып, ит әуремен қала басына әрең жеткенбіз. Тағы сондай күй кешпесек игі еді — деген алаңдаушылық бар көңілде.
Бәрімізде жеңіл көлік. Алдымыздағы жүрдек дейтін «Уаз» машинасынан көз жазбауға тырысып, барынша ілесіп келеміз. Қар аралас жаңбыр әп-дегенше жерді езіп жіберген. Ми батпағы аралас ойқы-шойқы жол көлігімізді біресе оңға, біресе солға лақтырып, әбден зәре-құтымызды кетірді. Жанымыз шүберекке түюлі. Жолдың екі жағындағы еңіске алма-кезек құлдилай жаздағанда «біздің де жеткен тұсымыз осы шығар» — деп әлденеше рет кәлимамызды қайталап қойдық. Әлгі жол бастаушы «Уазымыз» әлдеқашан қара үзіп кеткен. Ақыры амалымыз құрып, жол жиегіндегі жайдақ жолға түстік.
Түскеніміз бар болсын, мидай езіліп, тоңы түсіп кеткен жер, не әрі, не бері жүргізбеді. Алай-дүлей боран. Үсті-басымыз балшық, малмандай су. Жігіттер көлікті итере-итере шаршап, діңкесі құрыды.
Кәдімгі ұшқан құс, жүгірген аң көрінбейтін құла түз дерсің! Айналада бізден бөгде машина да жоқ. Мынау қырық қыртыс жолдың жағдайына қараудың өзі қорқынышты. Құдды жолды машина емес, адамдар қазып тастағандай ойдым-ойдым. Асты биік машина болмаса, қаланың тақтайдай тегіс жолына үйреніп қалған «иномаркаларың» мына жерде асты тіреліп, шоңқиып қалады. Мынадай жолмен жыл бойы қатынап жүрген тұрғылықты жердің адамдарының жаны сірі екен!
Жолдың адам көргісіз жағдайы сонау тура менің бала кезімдегідей. Содан бері жөндеу көрмегендей. Баяғы жартас – бір жартас. Күнде бір жаңалық ашылып, көз ілеспес жылдамдықпен түлеп, өзгеріп жатқан мынау әлемде тек осы өлке ғана ұмыт қалғандай. Ештеңе де өзгермепті. Ақыры Ойылға бара жатқан «Нива» автокөлігімен 90 шақырым жолды 5 сағат жүріп, шаршап-шалдығып, әрең жеттік. Онда да жүргізуші жігіттің шеберлігінің арқасында. Жолда Ойылдан шыққан машиналар грейдердің үстінде не әрі, не бері қозғала алмай дымы құрып тұр. Жолаушыларды адам аяғандай. Шаршаған, дәрменсіз.
Туған жердің сол баяғы өзгеріссіз жатқан ойқы-шойқы жолдары елдің әлі де тұрмыс-тіршілігінің куәсіндей!
Ойыл — тарихи аудан. «Ойыл көздің жасы еді, Ойылды кеңес қылмадың» — деп Асан қайғы айтқандай, Ойыл өзені бар, ХІХ ғасырда Қарқаралы, Қояндымен бірге аталған, Жібек жолының дәл ортасында орналасқан, кезінде Англия, Үндістан, Иран мен Түркияның саудагерлері тауар тасыған Көкжар жәрмеңкесімен аты шыққан Ойыл емес пе?!
Өткен жылы «Көкжар жәрмеңкесіне» 150 жыл толғанын әлеуметтік желілерден оқығанмын. Аймақты дүбірлетіп, думандатып, дүркіретіп жасаған тойдан ауылдың жолына тобықтай болса да, «тәбәрік» тимесе…? Несін айтайын, елге барып, еңсем езіліп қайтты… Біз тек бір күннің ғана қиындығын көрдік. Жергілікті тұрғындардың қыста боранмен алысып, көктем мен күзде балшыққа батып, көретін күні осы екенін көз алдыңа елестету де қиын!
Ғазиза РАХМЕТОВА,
Ақжайық ауылы,
Теректі ауданы,
Батыс Қазақстан облысы.