Әлеумет

«ЕРТЕ ҚАМДАНҒАННЫҢ ЕСЕБІ ТҮГЕЛ»

Атам қазақ әуелбастан «Мал-жаның аман ба?» - дейді. Неге мал – жаннан бұрын тұр? Демек, малың аман болса, жаның да аман болады. Ал, қазақтың тіршілігінің тірегі - малының аман болуы оның азығына байланысты екенін айтып жату артық шығар...? «Малым - жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» - дейтіні де сондықтан.

Данышпан Абай,
«…Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен отырар күзеуде бай» — дейді.
Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын аудан үшін табиғаттың биылғы аптабы тіпті бөлек болды. Нағыз қырық күн шілде деген осы шығар?. Жаз шыққалы жаңбыр жаумаған өңірде мал азығының түсімі төмен. Оның үстіне ауа-райы да мүмкіндік бермеді. Соған қарамастан дайындалған шөптің көбі қазір көрші облыстарға кетіп жатыр. Оны тоқтатудың жолы – тұрғындардың шөпті күзді күтпей қазір алуы. Оған жұрт әртүрлі себептермен әлі асығар емес. Оның алдын-алу үшін шаруашылықтармен меморандумдар жасалды. Белгілі мерзімге дейін шаруашылықтар шөпті алдын-ала келісілген бағамен сатады. Одан кейін бағаны белгілеу шаруашылық басшысының еншісінде.
Ауданда бүгінгі күні ең өзекті мәселе – мал азығын дайындау. Қуаңшылықтың кесірі көп шаруаны ойландырып отыр. Өйткені күннің ыстығы мен жауын-шашынның аздығынан қырдың да, көлдің де шөбінің шығуы шаруалардың көңілін көншітпей тұр. Аудан орталығында бір бума шөптің бәсі – 350 теңге. Ал, Қайыңдыда 250 теңге. «Жері байдың – елі бай»  — деген сөздің куәсі осы. Демек, бұл табиғаты бөлек аймаққа қуаңшылықтың көп кесірі тиген жоқ деген сөз. Бірақ, осындай сыйды уақытында толық игере алмай отырмыз. Оның жартысы «қызыл жалынның» құрбаны болып, күлі көкке ұшты.
Күннің ыстығы мен табиғаттың тосын мінезіне қарамастан мал азығын дайындап жатқан жігіттердің көбі шаруаның кідіруін негізінен шөптің өтімі баяулығымен түсіндіреді.
«Қыстың қамын жазда ойлау» қажеттігін «шаруамен көзі шыққан адамға» түсіндіру артық шығар? Оның үстіне биылғыдай қуаңшылық жылы «Ерте қамданғанның есебі түгел». Ал, күзгі ауа-райының қандай болатынын ешкім білмейді. Екі күнгі нөсер кенезесі кепкен даланың шөлін басқанымен, күзде жауаын-шашынның мөлшері көбейетінін бәріміз білеміз. Ауылдың іргесіндегі шөпті аулаға жеткізе алмай қалған кездер болды. Табиғаттың «сабағы» ащы болатыны ақиқат. Сондықтан, «Шегірткеден қорыққан егін екпейдінің» кебін кимей, ертерек қамдану керек.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар