Әлеумет
Ойылда ғұн дәуірінің қорымы зерттеліп жатыр
Ойылдың Сорлақмола қорымына ғұн дәуірінің адамдары жерленген. Археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Космотүсірілімдерден тек ғұн дәуіріне жататын қорымдар іріктеліп, археологтар қазба жұмыстарына кірісті. Шілде айында басталған жұмыс өз нәтижесін берді. Ойыл ауданының Шиқұдық ауылынан 2-3 шақырым қашықтықта ғұн дәуірінің адамдары жерленген.
«Зерттеп жатқан нысанның бірі қорымның оңтүстік бөлігінде орналасқан. Тізбектің шетінде қазу жұмысы жүріп, ғұн дәуірінің әйелі табылды. Қабірі жіңішке, адам солтүстікке бағытталып, шалқасын жатқызылған. Моншақ, қапсырма, айна мен пышақ, ұршық табылды. Қорымда жерлеу рәсімі де өткен. Ор табылып, сынған құмыра анықталды», — деді Тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының басшысы Аслан Мамедов.
Айта кетейік, зерттеуді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Тарихи мәдени мұраларды зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының археологиялық тобы бірлесе жүргізіп жатыр. Арасында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері де бар. Космотүсірілім кезінде 100-ден астам ескерткіш табылған.
«Ғұн дәуірінің ескерткіштері аз зерттелген. Бұл қоныс аудару кезеңімен байланысты. Яғни, Солтүстік Қытай, Моңғолиядан басталған қоныс аудару бүкіл Қазақстан аумағын қамтып өтіп, Рим империясына жеткені белгілі. Біздің заманымыздың І ғасырында қоныс аударып, Батыс Еуропаға күш жинап баруының себебі осы жерде. Олар осы жерде екі ғасырдай мекендеген. Яғни, біздің заманымыздан ІІ ғасыры мен IV ғасырдың 70 жылдарына дейін болған. Қазақстанның батыс аймағында, Ақтөбе облысында болғанын анықтау, ізін табу қиынға түсті. Себебі олар сармат, сақтар секілді ескерткіштерін биікке салмаған, керісінше байқалмайды», — деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Мейрам Дүйсенғали.
Ақтөбе облысында ғұн дәуіріне жататын бір мыңға жуық қорым бар. Зерттеушілер бір ғана Ойылдан 100 нысанды анықтап отыр. Барлау жұмыстары келер жылдары да жалғасады. Алғашқыда төрт нысан қазылды.
«Алдағы уақытта кешенді түрде зерттеу керек. Геофизика әдісін де қолданған тиімді. Бәрі қаржыға байланысты. Қарағанды, Алматыда бар құрылғыны алдағы уақытта пайдаланғымыз келеді. Украиналық компаниямен келісім жасалуы мүмкін», — Мейрам Дүйсенғали.