Әкімдік

Шаруаларға кеңес пен көмек

ЕЛ ТІЗГІНІН ҚОЛЫНА АЛҒАНЫНА НЕБАРЫ АЙ ЖАРЫМДАЙ ҒАНА УАҚЫТ БОЛҒАН АУДАН БАСШЫСЫ АСҚАР ҚАЗЫБАЕВ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНА БАСА МӘН БЕРІП КЕЛЕДІ. СЕБЕБІ БІЗДІҢ АУДАН НЕГІЗІНЕН МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСАТЫНДЫҚТАН АУДАННЫҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ ЕТ, СҮТ ӨНІМДЕРІ. СОНДЫҚТАН БҰЛ САЛАДАҒЫ ҮКІМЕТ ТАРАПЫНАН БЕРІЛЕТІН ҚОЛДАУ-КӨМЕКТЕР ӘР ШАРУА ҮШІН МАҢЫЗДЫ. 

Осы орайда өткен сейсенбіде аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыстық ауыл шаруашылығы мамандарының тікелей қатысуымен шаруа қожалық төрағаларымен басқосу жиыны өтті. Айтулы сала бойынша облыстан арнайы келген мамандармен таныстырған аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы алдымен аймақта атқарылып жатқан жұмыстармен қатар проблемаға айналған нақты шаруаларды қозғады. Бұған дейін де ауылдық округтерде бірнеше рет болып жүрген ол, қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына айрықша тоқталды. Сонымен бірге шаруа қожалық төрағаларына ауыл тұрғындарын қысқы мал азығымен қамтып ғана қоймай, қысқа қосымша шөп қорын дайындауға тапсырма берді. Себебі қазіргі шөп шабу науқаны қызған шақтың өзінде Ш.Берсиев, Көптоғай ауылдық округтерінде қысқы мал азығының тапшылығы байқалады. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібінен түспей, апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде мал азығы село орталығындағы тұрғындардың сұранысы бойынша арнайы шығарылып жүр. Алайда тұрғындардың қысқы мал азығын қамдау жұмыстары мардымсыз. Одан бөлек жиын үстінде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында көптеген мәселелер қозғалды. Ауыл шаруашылық саласын жеңілдетілген несие беріп, қаржыландыратын қаржы институттары өкілдері мен ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері шаруаларға тікелей түсінік жұмыстарын жүргізді. Тарқатып айтсақ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның несие бөлімінің маманы Әсел Есетова, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның несие бөлімінің менеджері Гүлмира Күнтуғанова, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның несие бөлімінің жетекші маманы Аман Карим шаруаларға жеңілдетілген несие талаптарын түсіндірсе, Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мереке Бисенбин алынған техникалар мен асыл тұқымды мал басына төленетін субсидия ережелерімен таныстырды. Жиын соңында аудан әкімі Асқар Қазыбаев шаруашылық жүргізіп отырған шаруаларға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдауларды алуға белсенді қатысуға және ауданға берілген жоспарды орындау шараларын қабылдауға шақырса, шаруа қожалық төрағалары өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан толыққанды жауаптар алды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар