Осы сұрақ қазір жұртшылықты толғандырып отыр. «103-ке» қоңырау шалғандар Ақтөбеге түсіп кетеді деп түсінеді. Өйткені, көпшілік жедел медициналық көмек көрсету қызметі орталықтандырылғанынан бейхабар. Сондықтан, Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігерінен осы мәселенің мән-жайын түсіндіруді өтіндік.
Алдымен жедел медициналық көмек көрсету қызметіне жүргізіліп жатқан реформа тураыл айтып өтсеңіз?
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 3 шілдедегі № 450 бұйрығымен Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді. Ақтөбе облысы әкімдігінң 2018 жылғы 10 желтоқсанындағы № 546 «Кезек күттірмейтін медициналық көмек бөлімшелері мен санитариялық авиация бөлімшесін орталықтандыру» Қаулысын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе облыстық денсаулық басқармасының 2019жылғы 10 қаңтардағы № 50-5 бұйрығымен Ойыл аудандық ауруханасы жанындағы кезек күттірмейтін жедел жәрдем бөлімшесі «Облыстық жедел және шұғыл медициналық бекеті» құрамына берілді.
Оған басты негізгі себеп қандай?
Осы бұйрыққа сәйкес Ойыл ауруханасы бойынша 4 санаттағы шақыртуларға баруға емхана жанында тәулік бойы медициналық қызмет көрсететін Жедел медициналық көмек (ЖМК) бөлімшесі ашылу қажет. Қазіргі таңда фельдшерлер тапшылығына байланысты ЖМК бөлімшесі ашылған жоқ. Сондықтан, Ойыл селосы бойынша тұрғындарының денсаулық жағдайы бұзылған кездегі «103-ке» шалған қоңырауын Ақтөбе қаласының жедел медициналық көмек станциясының диспетчері қабылдайды.
Қызмет алушыға қойылар талаптар қандай?
Тұрғындар диспетчерлік қызметке төмендегі деректерге толық жауап беру керек (шағымдар жазылады) :
пациенттің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), жасы мен жынысы;
пациенттің жай-күйі бойынша деректер мен жазатайым жағдайдың, жарақаттардың немесе аурудың мән-жайы;
мекенжайы мен телефоны, сондай-ақ пациенттің орналасқан орнына жету бойынша бағдарлық деректер.
— Қызмет көрсетуде ерекшеліктер бар ма?Қызмет көрсеті бірнеше санатқа бөлінеді деген бар…
— Шақыртуларға жеделділік санаты бойынша іріктеу жүргізіледі. ЖМК диспетчері шақыртуды алған сәттен бастап қызмет көрсету үшін ЖМК бригадасына бергенге дейін шақыртуды өңдеу уақыты бес минутты құрайды.
ЖМКС диспетчері қабылдаған шақыртулар (төрт) жеделділік санатына бөлінеді:
1 (бірінші) жеделділік санатындағы шақырту – өміріне тікелей қауіп төндіретін, жедел медициналық көмек көрсетуді қажет ететін пациенттің жай-күйі;
2 (екінші) жеделділік санатындағы шақырту – өміріне медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жай-күйі;
3 (үшінші) жеделділік санатындағы шақырту – денсаулығына медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жай-күйі;
4 (төртінші) жеделділік санатындағы шақырту – жіті ауруынан немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен болған және айқын көрінетін бұзылуларынсыз пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төндірмейтін пациенттің жай-күйі.
1, 2, 3-жеделділік санаттарының шақыртулары келіп түскен кезде ЖМКС диспетчері автоматты басқару жүйесі арқылы шақыртуларды ЖМКС фельдшерлік бригадаларына береді. (Облыстық жедел және шұғыл медициналық бекеті)
4-жеделділік санатының шақыртулары келіп түскен кезде ЖМКС диспетчері автоматты басқару жүйесі арқылы шақыртуларды аурухана жанындағы Жедел медициналық көмек (ЖМК) фельдшерлік бригадаларына береді. Қазіргі таңда барлық шақыртуларға Облыстық жедел және шұғыл медициналық бекеті фельдшерлері көмек көрсетуде.
Фельдшерлік бригадалардың ЖМКС диспетчерінен шақыртуды қабылдаған сәттен бастап, пациенттің тұрған жеріне дейін жету уақыты:
1-жеделділік санаты – он минутқа дейінгі;
2-жеделділік санаты – он бес минутқа дейінгі;
3-жеделділік санаты – отыз минутқа дейінгі;
4-жеделділік санаты – алпыс минутқа дейінгі уақытты құрайды.
Ойыл тұрғындары Ақтөбе қаласының жедел медициналық көмек станциясының «103» диспетчері жауап бермеген жағдайда аудандық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне 2 -19-75 номеріне қоңырау соға алады.