Әлеумет
Ауданда «Ақтөбе» газетінің күні өткізілді
БИЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ «АҚТӨБЕ» ГАЗЕТІНЕ 95 ЖЫЛ ТОЛДЫ. ТАЛАЙ КЕЗЕҢДІ БАСТАН ӨТКЕРГЕН, СОНАУ 1924 ЖЫЛЫ «КЕДЕЙ» ДЕГЕН АТТАН БАСТАУ АЛЫП, БҮГІНГІ КҮНГЕ, ЯҒНИ ЖАҢА ҒАСЫРҒА «АҚТӨБЕ» АТАУЫМЕН ЖЕТІП ОТЫРҒАН БАСЫЛЫМДА БІЗДІҢ АУДАННЫҢ ДА ҚАЛАМГЕРЛЕРІНІҢ ҚОЛТАҢБАСЫ ҚАЛДЫ. ҚАЗІРГІ ТАҢДА ДА ТАЛАЙ-ТАЛАЙ ЖУРНАЛИсТ АҒАЛАРЫМЫЗ ӨҢІРДІҢ БАС ГАЗЕТІНДЕ ӨЗІНДІК ҮЛЕСТЕРІН ҚОСЫП КЕЛЕДІ.
Осы орайда өткен аптада «Ауылым — алтын бесігім» бағдарламасы аясында Ойыл ауданының оқырмандарымен кездесу және мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын насихаттау мақсатында ауданымызға 95 жылдық тарихы бар «Ақтөбе» газеті делегациясы арнайы келді. Өңірдің шежіресіне айналған айтулы газеттің 95 жылдық мерейтойына орай аудан орталығында мәдени көпшілік шаралар мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Толығырақ тарқатсақ, алдымен аудан әкімдігі ғимаратының алдына қарағай көшеттерін отырғызған облыстық баспасөз қызметкерлерімен бірге жұбайы Қаракөз Қосаева және Динмуханбет Бердибаев та әке рухына тағзым етіп, ауданның қақ ортасында орналасқан Байсалбай Жолмырзаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Осы орайда сөз алған аудан әкімі Асқар Қазыбаев Ойыл селосының ортасынан ескерткіштің орнатылуына және «Туған жерге тағзым» акциясы аясында әке атындағы көшені көркейтуге қосқан үлесі үшін Динмуханбет Бердибаевқа алғысын білдірді. Сондай-ақ, айтулы баспасөздің бір топ қаламгерлері сауда-саттығы қызыған «Көкжар» жәрмеңкесіне куә болды. Ойылдың брендіне айналған құрт майдан сатып алды.
Билік пен бұқараның арасына алтын көпір салып, ел мен ертеңгі күн үшін ынтымақтастық жолында қалам тербеп жүрген жандар Ойыл жұртшылығымен жайдарлы амандасып, ашық әңгімелесті. Одан кейін «Ақтөбе» газеті ұжымы аудандық мәдениет үйінде қалың оқырманымен қауышты. Облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығы мен Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығы құрметіне арналған оқырмандармен кездесу кешінің шымылдығы «Ақтөбе» газетіне — 95 жыл» бейнефильмімен ашылды. Мұндағы шара аудан тарихында аттары мәшһүр артына өшпестей із қалдырған тау тұлғалардың атындағы сыйлықтар мен облыстық газеттің тұрақты оқырмандарын марапаттау рәсімімен жалғасты. Тарқатып айтсақ, 1943 жылы — әр гектардан 201 центнер өнім жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген, атақты тарышы Шығанақ Берсиев атындағы сыйлық «Жақып» шаруа қожалығының төрағасы Жұмабай Жақыпқа табысталса, Медицина ғылымының докторы, КСРО Медицина ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның және Қарақалпақ АКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, медицина ғылымы саласында қазақтан шыққан тұңғыш профессор, Денсаулық сақтау министрі қызметін екі рет атқарған Ишанбай Қарақұлов атындағы сыйлық Ойыл аудандық емхана меңгерушісі, дәрігер-эндокринолог Күләнда Досоваға берілді. Сондай-ақ, Ойыл ауданын ұзақ жыл басқарған, шебер ұйымдастырушы, «Қазақстан кәсіптік-техникалық саласының үздігі», елдің қадірлі азаматы Ғазиз Займолдаұлына республикалық ардагерлер қауымдастығы атынан «Сауап» медалі тапсырылды. Қоғам қайраткері, Экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Үш рет Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Байсалбай Жолмырзаев атындағы сыйлықпен Ойыл аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Қайнар Ұлықпанов марапатталса, Сынықшы Сүлеймен әулие атындағы сыйлық Саралжын ауылдық округінің тұрғыны, халық емшісі Жұмабай Дайрабаевқа табыс етілді. Әрі қарай Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен аудан өнерпаздары тарту еткен әсем әнмен әрленген шарада «Белсенді жазылушы» номинациясы еңбек ардагері Шәйзада Қлипанова анамызға берілсе, «Жанашыр оқырман» номинациясы еңбек ардагері Исағали Тәжібаевқа табысталды. Сондай-ақ «Жас тілші» номинациясымен «Ойыл» газетінде салмақты ойларымен мақала жазып жүрген Саға мектеп бала-бақшасының 11 сынып оқушысы Адина Тимурқызы марапатталды. Сонымен бірге Ойыл қазақ орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ақмарал Бижанова, Шәрбану Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі Манира Сармұханова, Жақия Жүсібалиев атындағы ойыл қазақ орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Жұмагүл Рамазанова, Ойыл аудандық орталық ауруханасының ультра дыбыстық зерттеу кабинетінің дәрігері Жаннат Базарбаевалар «Ақтөбе» газетінің арнаулы сыйлықтарына ие болды. Айта кетсек, аудандық Ойыл газетінің бұрынғы тілшісі, қазіргі таңда облыстық газетте қызмет етіп жатқан Самат Нарегеевке «Қазақстан Журналистер Одағының» төс белгісі тағылып, мүшелік билеті берілді. Марапаттау рәсімінің соңында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаевқа айрықша алғысын білдірсе, аудан әкімінің атынан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев өңірдің бас газетін 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, естелік сыйлықтарын табыстады.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.