Әлеумет

«Barber Shop» ерлерге арналған шаштараз

Ел ішіндегі жұмыссыздықты едәуір азайтып, айқын мақсаты мен өзіндік ұстанымы бар жас буынға қолдау көреткен » Атамекен» жобасы талай адамның кәсіппен айналысуына сеп болды. Ауқымды жобаны қолға алғандардың арасында  ауданымыздың тұрғыны Күншашқан Бейбітұлы да бар. Бүгінде ол мемлекеттің қолдауын ұтымды пайдаланып, бөлінген грантқа өзінің  кәсібін  бастап отыр.
Өткен аптада жас кәсіпкер Күншашқан Бейбітұлы өзінің шағын жеке бизнесін бастаған болатын. Ол ауданымыздың игілігі үшін, аудан  жастарына арнап «Barber Shop» ерлерге арналған шаштаразын ашты. Нысанның ашылуына аудан әкімі Асқар Қазыбаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. Жас болса да, осы істі жоспарлап, алдына мақсат қойып, сол мақсатына жетіп отыр. Шаштараздың иесі Күншашқан Бейбітұлы өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде «Жас кәсіпкер» бағыты аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының «Бастау-Бизнес» жобысы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грантын ұтып алды. Бұл 505 мың теңге. Енді міне ол грантқа өз кәсібін ашып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетпек.
Шаштараз ертеден келе жатса да бүгінгі күні, әсіресе ауылда, ауданда сұранысқа ие мамандық. Сондықтан алдағы уақытта осы кәсібімді дамыта отырып, халыққа пайдамды тигізсем, оның өзі үлкен бақыт, абырой деп ойлаймын. Сапалы қызмет — кәсібіңнің берекесі. Осы жолда мен білімімді жетілдіріп, ізденуден жалыққан емеспін. Осындай тірлігімнің нәтижесі болу керек, қызметімді пайдаланушылар дән риза. Алдағы уақытта халыққа қажет басқа да қызмет түрлерімен айналысатын мамандарға арнайы орынды жабдықтау жоспарда бар, — дейді Күншашқан.
 Жаңа орынның ашылуына жиылған қонақтар мен ауыл халқы жақсы лебіздер мен ақ тілектерін арнады. Кәсіпкер Күншашқан Бейбітұлының еңбегіне жеміс тілеп, бұл игі істің ауыл тұрғындарына тигізер ықпалының мол болатынына сенімін білдірді. Қазіргі таңда шаштаразда Күншашқан Бейбітұлы өзі қызмет атқаруда, алдағы уақытта қарамағына жұмысқа адам алуды көздеп отыр. Бүгінде арамызда жұмыссыздықты желеу етіп екі қолын бос қусырып жүрген жастарымыз бар. Оларға айтарым, еңбектенуден қорықпаңыздар. Кез келген адамның бір нәрсеге иекемі болады. Сол мүмкіндікті пайдалана білсең болғаны. Табысқа жеткен, кәсібін дөңгелеткен адамдар табысқа бір күнде жеткен жоқ.

Әсел СИСЕНОВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар