ӘлеуметРухани жаңғыру
Көрісу береке мен бірліктің бастауы
Көрісу мерекелік күнтізбеге енбеген күн болғанымен Қазақстанның Батыс өңірі бұл дәстүрді жақсы ұстанады. Жасы кіші адамдар ауыл үлкендеріне арнайы барып, хал сұрасып, көріседі. Айтулы күнді біздің аудан айрықша атап өтті. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан село тұрғындары көше-көше болып бірігіп, дастархан жайып, наурыз көже таратты. Қыстан аман шыққан арқа-жарқа жұртшылық бір-бірімен құшақтасып көрісті. Үлкендер бата беріп, ақ дастархан басында ақ тілектер ақтарылды. Көше тұрғындарына молынан жайылған дастархан айран, сүт, қаймақ, қазы-қарта сынды ұлттық тағамдармен толықты. Абай, Сәтбаев, Молдағұлова көшелерінің тұрғындары және аудандық музей ұжымы Амал мерекесіне айрықша атсалысты. Кеңірек тоқталсақ, көрісу күнін Абай, Сәтбаев көшелері бірігіп атап өтсе, Әлия Молдағұлова көшесінің тұрғындары көрісу күніне биыл алғаш рет үн қосып отыр. Десе де, көшеде ағайын-туыстың үйін жағалап көріскен адамдар айтулы көшелердің тұрғындары арнайылап жайған ақ дастарханнан айналып кетпеді. Самаурында қайнаған күрең шай мен қара қазанда иісі бұрқырай қайнаған көжеден ауыз тиді. Міне Ойылдағы көрісу күнінде адам аяғы түс ауғанша сиремеді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.