Спорт

Дәстүрге айналған дода ауыспалы кубок «батыс» командасына ауысты

Өткен сенбіде мемлекеттік қызметкерлер арасында волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ сынды спорттың 6 түрінен спартакиада өткізілді. Жыл сайын дәстүрге айналған спартакиада да ауданның батысында орналасқан Көптоғай, Сарбие, Қараой ауылдың округтерінен құралған «Батыс», ал ауданның шығыс жақ қапталында орналасқан Қаратал, Саралжын, Қайыңды ауылдық округтерінен құралған «Шығыс», село орталығынан «Көкжар» және «Аудан әкімдігі» командалары сынға түсті. Аталған командалар әр спорт түрінен өткен бәсекеде команда қоржынын ұпай санын еселеуге тырысты. Ұлттық ойын түрі тоғызқұмалақ жарысында нағыз есепке шапшаң мемлекеттік қызметкерлер арасында Талғат Қожахметов пен Мөлдір Жантекова жеңімпаз атанса, ептілік пен шапшаңдықты қажет ететін үстел тенисінен ерлер арасында Темірлан Тумышев әйелдер арасында Айымгүл Есенаманқызы топ жарып, алға шықты. Шахматтан уақыт бойынша сынға түскен бәсекеде Бауыржан Қабдолов пен Эльмира Жақсығалиева қарсылас шыдатпады. Командалық ойындардың кезегіне келсек, волейбол мен шағын футболдан тартысты ойын көрсеткен «Аудан әкімдігі» командасы жеңімпаз атанса, «Батыс» командасы екінші орынды еншіледі. Ал, «Көкжар» командасы үшінші орынға жайғасты. Жалпы командалық есеп бойынша 129 ұпаймен ауыспалы кубокты «Батыс» командасы қанжығаласа, 105 ұпай жинаған «Көкжар» командасы жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Ал спартакиаданың үшінші орыны «Аудан әкімдігі» командасына бұйырды. Спартакиадаға қатысқан барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар