Спорт

Бапкердің белесі

Алақандай ауылда тұрып-ақ алты Алашқа мәшһүр палуандарды баптаған Мінсізбай туралы газетіміздің бұдан бұрынғы санында арнаулы мақала жаздық. Өткен сенбіде шәкірттері күрестің айла-тәсілін үйретіп, ащы терін алып, томағасын сыпырып, бәйгеге қосқан бапкерлеріне құрмет көрсетіп, алпыс жасын туған ауылында атап өтті.

Әрине, қалыптасқан жағдайға байланысты ауқымды шаралар жоспарланған жоқ. Басты мақсат – ұстазға құрмет. Боз кілемге баптап шығарған шәкірттерінің бастамасымен өткен шарада алдымен аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ардагер спортшы Мінсізбай Сайынұлына аудан әкімінің құттықтау хаты мен арнаулы сыйлығын табыстап, мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин де халық қалаулыларына атынан сый-сияпатын ұсынды. Мінсізбайды бала күнінен білетін ұстазы Райса апайдың тілегі тіпті бөлек болды.
Ауыл көркемөнерпаздарының ән-биімен өрілген салтанатты шарада Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек Дәулетқалиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Меруенов және Қаракемер негізгі мектебінің директоры Бақыт Есқалиевалар да мерейтой иесіне ізгі лебіздерін білдіріп, сыйлықтарын ұсынды. Одан кейін сөз алған еркін күрестен бірнеше дүркін әлем чемпионы, ардагерлерге арналған күрес бөлімінің жаттықтырушысы, Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Қуаныш Мырза мен жерлесіміз Меңдіхан Қосдәулетовтер Мінсізбай Сайынұлына самбо федерациясының арнаулы төсбелгісін тақты. Осы салтанатқа алыстан арнайы келген мерейтой иесінің жерлестері мен жолдастары белгілі бапкерді бүгінгі белесімен құттықтаса, Нұрлан Әбдуов пен Марат Арыстанов бастаған шәкірттері қонақтарға естелік сыйлық ұсынып, ұстаздарының иығына шапан жауап, астына ат мінгізді.
Сонымен қатар, сол күні ардагерлер арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылса, ауыл жастары қонақтарды ат үстінде аударыспақпен тәнті етті.

Басқа жаңалықтар