Спорт
Мереке бәсекемен көрікті
Ақшатау ауылы жастарының бастамасы соңғы кездері көпке үлгі болып жүр. Ұйымшыл жастар Ұлы Жеңіс күні қарсаңында тағы бір мағыналы шараға ұйытқы болды. Ауылда ат жарыс ұйымдастырып, Жеңісті жақындатқан аталардың аруағына құран бағыштап, ас берді.
Бәйгеден бұрын жастар ұлттық спорттық жарыстардың көрігін қыздырды. Бозкілемде белдескен жігіттер мен гір тасын көтеріп, қол күрестірген қыз-жігіттер де жүлдесіз қалған жоқ. Арқан тартып, жаяу жарыста да көбіне ақшатаулық жастардың мерейі үстем болды.
Мерекенің нағыз көрігі – аламан бәйге. Жұртшылықтың делебесін қоздырған жарыста ойылдық Жандостың Назкүреңі алдына жан салмаса, қаракемерлік Тілектестің Жайраңы мәре сызығын екінші болып кесті. Дастанның Ақбақайы үшінші жүлдеге ілікті.
Тай жарысында да Галиякбаровтардың Көбелегі көлденең жануарға жол берген жоқ. Екінші орын Амангелдінің Бақторысына бұйырды. Үшінші орынды Бекзаттың тайы алды. Ал, құнан жарыста Манарбектің Найзағайы жарқылдаса, екінші болып Төлепбергеннің Жезкиігі жетті. Үшінші орынға Қайсардың Сұркөжегі ие болды.