Спорт

Мерекелік турнир ардагерді еске алу

Өткен аптада Энергетиктер күні қарсаңында волейболдан спорт ардагері Петр Пономаревті еске алуға арналған турнир өз мәресіне жетті. Өйткені, ел аузында Петро атанып кеткен спортшы энергетика саласының да ардагері еді..

Марқұм Петроның жұбайы мен замандастары және ауданда волейбол спортын өркендетуге өз үлестерін қосқан ізбасарлары бес команда бақ сынаған жарыстың басты меймандары болды. Ойылдықтардың «оң жамбасына» келетін волейбол жарысы қай уақытта да жоғары деңгейде өтеді. Тартысты ойында өз шеберліктерін көрсеткен көптоғайлықтардың үлесіне үшінші орын тисе, Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командасы екінші орынды еншіледі. Ал, жарыстың бас жүлдесі Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің командасына бұйырды.
Жүлдегерлерге медальдармен кубок табысталса, үздік ойыншыларға да арнаулы сыйлықтар ұсынылды. Салауатты өмір салтын насихаттау және ардагер спортшының белсенді өмірлік ұстанымын жастарға үлгі ету мақсатында өткен турнирді ұйымдастырушылардың дәстүрге айналдырмақ ойлары бар.

Әсел СИСЕНОВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар