Спорт

Ғалымның 90 жылдығына тоғызқұмалақтан турнир өткізілді

Биыл әдебиеттанушы — ғалым, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент — мүшесі, профессор Әнуар Дербісәлиннің туғанына тоқсан жыл толады. Ғалымды еске алу құрметіне көптеген іс-шаралар өткізіліп келеді. Соның бірі жуырда ғана Саралжын ауылдық округінде жасөспірімдер мен қыздар арасында ұлттық ойын түрі тоғызқұмалақтан облыстық турнир өткізілді.
Турнирге 10 командадан Ақтөбе қаласы, Ойыл, Ырғыз, Шалқар, Хромтау, Қарғалы, Әйтеке би, Алға, Байғанин аудандарынан жас тоғызқұмалақшылар қатысты. Облыстық турнирге Әнуар Жақсығалиұлы Дербісәлиннің ұрпақтары демеушілік көрсетсе, турнирді өткізудегі шараларға облыстық тоғызқұмалақ федерациясы үлкен үлес қосты. 100-ден аса тоғызқұмалақшы бақтарын сынаған облыстық дода екі күнге созылды. Ойын жеті кезеңнен тұрды. Он ойланып, мың толғанған спортшылар бірі-біріне есе жібермеуге тырысты. Адамның ой-өрісінің ұшқырлығымен есеп-қисапқа қас шеберлігін талап ететін ұлттық ойынымыз мәреге жақындаған сайын тартысты болды. Барлық тоғызқұмалақшылар белгіленген уақыт ішінде шеберліктері мен есепке ептіліктерін көрсете білді. Турнирдің бас төрешісі Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары дәрежелі төреші Қабидолла Нұршин жасөспірімдердің ұлттық ойынға деген талпыныстары мен жеңіске деген ұмтылыстарына және ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді. Тоғызқұмалақ қазақы қаймағы бұзылмаған ойылдықтарға жат емес. Керісінше мұнда есебін түгендеген тоғызқұмалақтың қас шеберлері жетерлік. Ғалымның еске алу құрметіне арналған облыстық доданың қорытындысына тоқталсақ, Ойыл ауданы бойынша 2010-2011 ж. т. қыздар арасында ІІ орын АружанЖақсығалиеваға, чемпиондық атақ жақында ғана республикалық турнирдің жеңімпазы атанған Сағынтайқызы Аяжанға, ұлдар арасында ДаулетАлтыбаевқа бұйырса, 2008-2009 жылы туған қыздар арасында ІІ орынды Мейірім Сейілханқызы, ұлдар арасында ІІ орынды Бекарыс Сырлыбай алды.
2005-2007 жылы туған қыздар арасында ІІ орынды Сағыныш Серікова алса, ұлдар арасында І орынды Бексұлтан Сырлыбай иеленді. Одан бөлек облыстық турнирде жақсы ойын өрнегін көрсеткен бірқатар спортшыларға жеңіске деген жігері үшін номинациялары табысталып, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздары, медальдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Саралжын-Ойыл.

Басқа жаңалықтар