Әкімдік

Жастар ауылының ертеңіне алаңдайды

Ауыл әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беру кездесуі сенбі Екпетал селосында жалғасты. Екпеталдықтармен кездескен Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек Дәулетқалиев ауыл аумағында өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы міндеттерді жеткізді.
Әрине, екпеталдықтар үшін көп жылдан бері көтіріліп келе жатқан мәселелері электр қуаты шешімін тапқанымен енді ауыл тұрғындарын жоғары кернеулі желілердің керіліп, төмен түсуі толғандырып отыр. Яғни, біріншіден жүк көліктерінің қозғалысына кедергі болса, екіншіден талдарға тиіп, жарықтың жиі сөнуі қайтадан орын алуы мүмкін. Бұл тұрғындар тарапынан көтерілген басты мәселе. Ал, Ойыл орман шаруашылығының қызметкері Ерлан Бекетаев интернет желісі жылдамдығының әлсіздігі қолбайлау болып отырғанын және ауылды ауыз сумен қамтып отырған резервуардың көптен жөндеу көрмегендігін айтса, ауыл тұрғыны Нұрлан Бисембин Ойыл-Қаратал жолына дейінгі екі шақырым жолға жөндеудің қажеттігін айтып, газ құбырын тартудың жай-жапсарын сұрады. Сонымен қатар, Жаңабаз ауылымен арадағы бір жарым шақырымдық жолға электр шамдарын қоюды ұсынды. Өйткені, қыста сабақтан кеш шығатын балалар үшін қиындық туғызып отыр. Ал, мектеп директоры Гүлнұр Жұмағұлова ауылға жаңа типтік үлгідегі мектептің қажеттігін айтады.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселеге орай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Бауыржан Қабдолов пен аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Азамат Көкебаевтар жан-жақты жауап берсе, округ әкімі Сәндібек Тоқсанбайұлы кейбір мәселелерді тиісті органдарға жеткізуге уәде етті.

Басқа жаңалықтар