ӘкімдікБасты тақырып
Алғыс жауған күн
Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Әрине, бейбітшілік пен ұлттар арасындағы достықты ерекше бағалайтын елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек. 2016 жылдың 14 қаңтарында тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялады.
Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Тұңғыш Елбасымыздың бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні.
Осыған орай 1 наурыз күні «Шын жүректен!» атты мәдени шара өтті. Еліміздің болашағы — бүлдіршіндердің биімен басталған шарада аудан тұрғындарын алдымен аудан әкімі Асқар Қазыбаев құттықтап, бір топ азаматқа алғыс хат табыстады. Ең бірінші Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен ІІІ Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауына қатынасып, екінші орын алып келген «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығы жанындағы «Үкілі үміт» мүмкіндігі шектеулі жандар қызығушылық клубының мүшесі, жеке кәсіпкер Гүлсім Елекбаева облыс әкімі Оңдасын Оразалинның мерекелік құттықтауын жеткізді.
Ауданның білім саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін білім саласының ардагері Майраш Ыбрашева, Ауданныа денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін перзентхана бөлімінің меңгерушісі Зәкия, аудан аумағындағы қауіпсіздікті сақтап, қылмыстардың алдын алуда көрсеткен ерекше белсенділігі үшін Ойыл аудандық полиция бөлімінің кеңсе іс-жүргізушісі Толғанай Халидоллаева, қоғамдық қызметтегі қажырлы еңбегі үшін Құмжарған ауылының тұрғыны Ләззат Байманова, ауданның денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін Ойыл аудандық СЭББ-ның халыққа мемлекеттік қызмет көрсету және цифрландыру бөлімінің бас маманы Шаттық Әлжанова, ауданымызды көркейту мен абаттандыруға қосқан қажырлы еңбегі үшін Ойыл ауылдық округі әкімі аппаратының кіші қызметкері Марат Садықов, ауданның мәдениет саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығы жанындағы «Достық» өзге ұлт өкілдері клубының мүшесі Елена Жигадло, ауданның мемлекеттік жастар саясатын дамытуға қосқан зор үлесі үшін белсенді жас Айнагүл Өтеновалар марапатталса, өмірдің айтулы белесі – 70 жасқа толған мерейтойына орай Асқар Қайырғалиұлы Мәдениет үйі жанындағы Халықтық «Ақ әже» ансамблінің мүшесі Айша Қалишеваға мерейтойлық құттықтауымен бірге камзол кигізіп, сый-сияпат ұсынды. Әнмен өрілген кеште «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығы жанындағы «Достық» клубының мүшесі Надежда Караева ойылдықтарға алғыс айтты.
Мерекелік шара барысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып жатырған «30 игі іс» жобасы аясында аудан жастарының қайырымдылық акциясы бейнебаян арқылы көрермендер назарына ұсынылса, жырақтағы жерлестер мен «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығы жанынан құрылған «Үкілі үміт» мүмкіндігі шектеулі жандар клубының мүшелерінің жүрекжарды лебіздері де бейнебаян арқылы жеткізілді.
Алғыс айту күні қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің мәдени сан алуандықтың жарқын күні. Елбасы 130-дан аса этностың әр қайсысы өзінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде біздің бір тұтас ұлтқа айналатынымызды баса айтты. Бұл күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді.
Әрбір адам өз Отанын жанындай жақсы көреді, сүйеді, көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады. Қазақстан – көп ұлтты, біртұтас тәуелсіз мемлекет. Әлем таныған Отанымызда жүз отыз ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай достық пен татулықта, жарасымды бірлікте қоян-қолтық өмір сүруде. Біз – ынтымағы жарасқан елміз.
Алғыс айту күні мерекесі –тыныштық пен өзара сенімділік,үлкендерге құрмет, Отанымыз бен отбасына деген махаббатты білдіретін күн десек артық айтпас едік. Бүгінде Отандастарымыз «Мың алғыс, қазақ халқына!» дейді.