Әкімдік

Қос ауылда келешектен кемел істер күтеді

БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ӘКІМДЕРДІҢ ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫ БІЗДІҢ АУДАНДА ДА ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП КЕЛЕДІ. ОСЫ ОРАЙДА, АПТА БАСЫНДА АУДАН ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ АСЛАН КЕНЖЕБАЕВ БАСТАҒАН САЛА БАСШЫЛАРЫНАН ҚҰРАЛҒАН ТОП, САРБИЕ, ҚАРАОЙ АУЫЛДЫҢ ОКРУГТЕРІНЕ АРНАЙЫ ІС-САПАРМЕН БАРЫП, ОКРУГ ӘКІМДЕРІНІҢ ТҰРҒЫНДАР АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУ ЖИЫНЫНА ҚАТЫНАСТЫ. ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРҒА АТБАСЫН ТІРЕГЕН АТҚА МІНЕР АЗАМАТТАРЫМЫЗ АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ ЕСЕБІНДЕ ХАЛЫҚТЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖДЫҚТАРЫ МЕН ҰСЫНЫС-ПІКІРЛЕРІНЕ ҚҰЛАҚ ТОСЫП, КӨКЕЙТЕСТІ САУАЛДАРЫНА ТОЛЫҚҚАНДЫ ЖАУАП БЕРІП ҚАЙТТЫ.

Биыл Сарбиеде жастар демалатын орындар мен спорттық алаңдар жасақталады. Шағын кәсіпкерлікті кеңейтіп, дамытуға айрықша мән беріліп, халыққа қызмет көрсететін цехтар ашылады. Бұл туралы ең алдымен есеп берген Сарбие ауылдық округінің әкімі Нұрлан Атағалиев айтты. Сондай-ақ есепті жиында ауыл әкімі өткен 2019 жылы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, үстіміздегі жылы жасалатын жұмыстарды атап көрсетті. Ал, ауыл тұрғындары ауылдың кейбір көшелеріне жарық шамдарын қоюларына ұсыныс жасаса, көптің қозғаған тағы бір өзекті мәселесі мектептегі қатты отынның сапасыздығы. Тұрғындарды бірінші кезекте мазалайтын қос ауылдың ортақ проблемасы жолдың жағдайы. Сондай-ақ, көгілдір отын мен интернеттен де үміт күтеді. Иә, рас елімізде халықты таза ауыз сумен, көгілдір отынмен қамту мәселелері қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондықтан биыл болмағанымен қос ауылға газ тарту жұмыстары зерттеліп жатыр. Ал, жол мәселесі ағымдағы жылы Қараой бағытына асфальт тарту көзделіп отыр. Басқа да кейбір округтер секілді қараойлықтар да білікті дәрігерге зәру. Бұл бірнеше жылдан бері қозғалып келе жатқан кадр тапшылығы мәселесі әлі де шешімін таппаған.
Тұрғындарға есеп беру жиынында алдымен Қараой ауылдық округінің әкімі Сәкен Займолдин өткен жылғы жұмыстарға кеңінен талдау жасаумен қатар, алдағы атқарылатын айқын міндеттерін де атап өтті. Әсіресе, ауылдың абаттануы мен гүлденуіне назар аудару қажеттігін алға тартты. Жалпы алғанда аудан округтерінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Қараой округі алдыңғы шептен көрініп келеді. Алдымен ауылдың тазалығынан бастап, спорт, мәдениет, ауыл шаруашылығы сынды салалар қарқынды дамып келеді. Осындай атқарылған жұмыстардың есебін жасаған ауыл әкімі ауылдастарының ауызбірлігі болса, алдағы уақытта да ауылды көркейте беруге айшықты істер жасалатынын жеткізді. Ал, келесі кезекте ауданның ағымдағы жылы атқарылатын жоспарын баяндаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Аслан Кенжебаев пен облыс орталығынан арнайы келген өкіл Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшының орынбасары Қаржаубай Ыбырайымұлы халықтың бірлігі жарасса, елдің тұрмысы жақсы болатынын жеткізіп, жиынды қорытындылады.

P.S. Аудан орталығынан шалғай жатқан қос округтің де әкімдерінің жылдық есебіне лайықты баға берген тұрғындар жеке ұсыныстарын айтып, қойылған сауалдарына толыққанды жауап алды. Есептік кездесу жиынының соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Аслан Кенжебаев бастаған сала басшылары жеке қабылдаулар өткізді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Сарбие-Қараой-Ойыл.

Басқа жаңалықтар