Спорт
Ізет пен үлгі ұштасқан жарыс
Өткен демалыс күні спортты серік еткен қырықтың қырқасына шыққан жігіттердің арасында шағын футболдан турнир өтті. Бұл жарыс құқық қорғау саласында 20 жыл қызмет етіп, жуырда ғана құрметті демалысқа шыққан Марат Арыстановқа арналды.
Әрине, жарысты ұйымдастыруға бастама көтеріп, басы-қасында жүрген алды Орал мен Ақтөбеден келген, соңы Ойылдағы Мараттың құрдастары. Ал, бастамаға аудан әкімдігі мен аудандық полиция бөлімі де қолдау көрсетті. Жарысты салтанатты ашқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев құрмет иесіне аудан әкімінің құттықтау хаты мен арнаулы сыйлығын табыс етті.
Қаракемер ауылында Мінсізбай ағайдың қол астында күрестің әліппесін үйреніп, үлкен спортқа қадам басқан Марат қайда қызметте жүрсе де одан қол үзген жоқ. Талай рет аудандық жарыста топ жарды, облыста да жүлдеге қол созды. Тіпті кейін ардагер споршылар арасында республикалық жарыстарда жүлдегер атанды. Аудандық полиция бөлімінің де мерейін өсірді. Әсіресе, волейбол мен футболдан өткен жарыстарда облыстық департаменттің командасының өзі ойылдық полицейлермен санасатын дәрежеге жеткізді. Ал, футболдан құрдастарымен құрған командасы да замандастары арасында аудандық жарыстардың алдын бермей келеді.
Ал, жарысқа келер болсақ, сегіз команданың бәрі де жүлдеге қол созуға тырысты. 71-ші жылғы туған жігіттер Ақтөбе қаласынан бір команда жасақтап келсе, бастама көтеріп жүрген Ойылдағы құрдастары да жарысқа дербес команда қосты. Қайыңды мен Қараойдан, Ақшатау мен Қаракемерден келген жігіт ағаларының да араларында алпысты алқымдағандар болғанымен жүлдеге таласы бар командалар жасақтай алғанына көз жеткіздік.
Нәтидесінде жарыстың иелері бастама көтеріп жүрген Мараттың өзі бастаған Ойылдағы құрдастары үшінші орынға қол жеткізсе, финалда аудандық полиция бөлімі мен «Көкжар» командасы кездесті. Нағыз финалға тән өткен кездесуде таразы басы төрешінің соңғы ысқырығына дейін теңселіп тұрды. Бірінші таймда «Көжардың» жігіттері екі доп айырмасымен алға шыққанымен екінші тайм басталғанда-ақ полицейлер есеп айырмасын қысқартты. Бірақ, басымдық уыстарынан шығармаған «Көжардың» жігіттері чемпион болды.
Жарыстың жабылу салтанатында жеңімпаздармен қатар, алаңның әр бөлігіндегі үздіктер арнаулы сыйлықтарған ие болды. Құнанбай Дәулетқалиев «Үздік қақпашы» танылса, Ержан Төлеуов «Үздік шабуылшы» атанды. Сонымен қатар, жарысты ұйымдастырушылар Ойыл балалар мен жасөспіріидер спорт мектебіне және спортты серік еткен аудан жастарына да арнаулы сыйлықтарын табыстады. Ізет пен үлгі және ұрпақтар сабақтастығын ұштастырған жарыста жеңімпаздар мен жүлдегерлерді спорт ардагерлері марапаттады.