АЙЗЕРЕ МЕН МАДИЯР – ЧЕМПИОНАТ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ
2 — 7 маусым аралығында Петропавл қаласында 2015 жыл және одан кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында үстел теннисінен Қазақстан Республикасының чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 200-ден астам жас спортшы өзара бақ сынаған тартысты додада Ақтөбе облысының құрама командасы сапында өнер көрсеткен Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Айзере Аманбекқызы мен Мадияр Орал ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, командалық есепте Айзере Аманбекқызы чемпион атанып, алтын жүлдені иеленсе, Мадияр Орал қола медальға қол жеткізіп, Ақтөбе облысы спорты үшін тарихи жетістікке жол ашты. Бұл — ауданымызда үстел теннисі спортының қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсететін маңызды нәтиже.


Жас спортшылардың бұл табысы — тынымсыз еңбектің, жаттықтырушы еңбегінің және ата-аналардың қолдауының жемісі. Жаттықтырушы Қанат Нұрланұлының шәкірттері осылайша үлкен додада өз шеберліктерін дәлелдей білді. Сонымен қатар, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығы чемпионат жүлдегерлерін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Мектеп директоры Тимур Сансызбайұлы жас спортшыларға алдағы жарыстарда да толағай табыс тілеп, олардың болашағына сенім білдіріп, сый-сияпатын табыстады.



