Білім
«Батыл жүректің» иесі
Ертеректе тілшілік қызметке кіріскен кезде мұғалім туралы алғашқы туындыларымды оқыған елге сыйлы азамат «Шырағым, мұғалімнің бәрі ұстаз болуы мүмкін емес! Ұстаз — деген ұлы ұғым. Екінің біріне тели беруге болмайды. Тіпті, керек десең, қойшының да ұстазы бар…» — деп, өзінің тұжырымын түсіндірді. Әрине, сол уақытта ақсақалдың кейбір пікірімен келіспесем де, ойланып қалдым. Халқымыздың біртуар ұлы, қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы қызмет» деген сөзі еріксіз есіме түсті…
Менің бүгінгі кейіпкерім – Ғалия апай! Азан шақырып қойған аты – Сақыпжамал болғанымен, елге Ғалия Бекешова болып танылды. «Ұстаз» — деген ұлы ұғымға нағыз лайық тұлға! Осыдан тура елу жыл бұрын қазіргі Атыраудың институтын бітіріп, Ойылдың Қаракемер ауылына келін болып келген Ғалия апай шынтуайтында өзінің тынымсыз еңбегімен тұлға болып қалыптасты. Әрине, өзі келген жоқ. Дұрысы, сол уақыттағы ауыл спортының көгінде жүрген, өзі де Атыраудың институтын бітірген «Ел мақтаған жігіт…» Бақтығали ағамыз алып келді. Тумысынан пысық, сол уақыттағы ұлттық ұғыммен кеңестік тәрбиенің ұштасқан патриотизмімен сусындаған буынның өкілі алақандай ауылдың сегіз жылдық мектебінде жүріп-ақ өзінің белсенділігімен көзге түсе бастады. Әрине, ауыл мектебі жас мамандарды алақайлап қарсы алды. Сонымен қатар, мектептің пионерлер ұйымының жетекшісі қызметін қоса атқарды. Тек бір қиналған сәті апта сайын өтетін дружина жиынында мектеп директорына рапорт беру. Әрине, алғашқыда оны өзі де аңдаған жоқ. Рапорттың «Апта сайын өтетін жиынға дружина дайын!» — деген қалыптасқан мәтіні бар. Сол мәтінде екі қайнағасының аты қатар бар екен. Аңғарымпаз абысындары аңдап қалып, Бақтығали ағамызды қағытса керек, «Біздің келін екі қайнағасын қатар «ұрып» жіберді» — деп…
Апайды көп кешікпей қайнағаларын атаудан ауданға қызметке ауысқан Бақтығали ағамыз «құтқарды». Ғалия апай Ойылдағы білім ордасының қара шаңырағы сол уақыттағы Н.К.Крупская атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде еңбек жолын жалғастырды. «Жігіттің тағына талассаң да, бағына таласпа!» — дегендей, Ғалия апайдың бағына білімге құштар, белсенді, негізінен ауданның сол уақыттағы «сүт бетіндегі қаймағының» балалары топтасқан класс тап болды. Қыздармен құрбысындай сырласып, анасындай ақылын айтып, ұлдарды ұлағатты сөздермен қайрап, көп кешікпей мектептің маңдай алды класы болып шыға келді. Класындағы қыздардың «Болмаса да ұқсап бағуға тырысқан» идеалына айналды. Сондықтан, сол кластан мұғалімдік мамандықты таңдаған жастар көп болды. Олардың барлығы да жоғары оқу орнын бітіре сала апайларымен үзеңгілес еңбек етіп, атына кір келтірмеген ізбасары бола білді. Мұғалімнен үлгі-өнеге, білім-тәрбие алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез-келген шәкірті ұстазымен мақтанса, әр шәкірті өмірде өз орнын тауып, Абай айтқан «дүниенің кетігіне кірпіш болып қаланып», ұстазынан озып жатса, төккен тері мен адал еңбегінің ақталғанына ұстазы мақтанады. Ғалия апай қазір сондай шәкірттерімен мақтана алады.
Сол тынымсыз еңбектің жемісі ұзақ күттірген жоқ. Отыз жасында-ақ «Қазақ ССР-і білім беру ісінің үздігі» деген төсбелгіге ие болуы көп жайды аңғартса керек. Әрине, бұл жерде тек бір кластың жетістігі ескерілмесе керек. Тіпті өзінің шығармашылық шеберлігін шыңдауға да уақыт тапты. Әуелден өнерге жақын Ғалия мектепте «Аққайың» ансамблі құрылғанда, алғашқы мүшесі болды. Ауданды қойып, облыста да ойып орын алған ансамбль болды. Сабағынан тыс уақытта қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүріп, арасы бір-екі жастан бірінен соң бірі өмірге келген балалардың тәрбиесі мен тамағы, жуылатын кір-қоңы, жағатын оты бар, азаматының келдім-кеттім қонағын қарсы алуды қоссаңыз, бәрі тек қол еңбегіне тәуелді уақытта «Қалай үлгерді екен?» деп еріксіз таң қаласыз!
1983 жылы аудан орталығында жаңа мектеп ғимараты салынып, іргелі білім ордасы екіге бөлінді. Сол уақытта Ғалия апай Ойыл сегіз жылдық мектебінде мұғалім болып қалды. 1986 жылы мектеп директорының орынбасары болып тағайындалды. Мектептің бастауыш партия ұйымының хатшысы болып тұрған тұста, Ғалия апайдың аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайлануын атқарған қызметіне құрмет екенін аға буын ғана біледі.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары мектептегі тәрбие жұмысы мүлдем басқа арнаға ауысты. Сол уақытта жаңа қоғамның талабына сай ұлттық тәрбиені ұлттық педагогикамен ұштастыруды ойластырған Ғалия апай облыста алғашқылардың бірі болып «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» бағдарламасымен жұмыс жасады. 1996 жылы сол мектептің тізгінін ұстағанда облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының әдіскерлерімен тұрақты байланыс орнатып, оқу-тәрбие процессіне көптеген жаңалықтар енгізді. Үнемі ізденіспен енгізген жаңашылдықтары да нәтижесін ұзақ күттірген жоқ. Ойыл қазақ орта мектебі облыстың ауыл мектептері арасындағы байқауда бас жүлдені жеңіп алды.
Ғалия апайдың мектеп басшысы ретінде қайраткерлігін көрсеткен тұсы да сол кезең. Көмір жоқ, мұнай тапшы. Мектепті жылыту мұң болған тұста жігіттерді жұмылдырып, өзі күндіз-түні бірге жүріп жырақтағы мектептің жылу қазандығын үш күнде мектептің іргесіне көшірді. Қазіргі Ойыл қазақ орта мектебінің орта мектеп мәртебесін алуына Ғалия апайдың тигізген септігі көп. Тіпті 2000-шы жылдардың басында Ойылдағы ата-аналардың балаларын осы мектепке беруге тырысқанын көзіміз көрді.
Ғалия апай мектеп директоры болған білім ордасындағы әр баланың отбасын, тұрмыс жағдайын зерттеп, класс жетекшілеріне кеңес беріп отыратын. Мектепке келген жас мұғалімдердің сыртқы келбеті, сөз саптауы мен киім үлгілеріне көңіл бөліп, ақылын айтып отырғанына куә болған замандастары оқушыны ғана емес, жас мұғалімдердің бойындағы қасиетті дамытуға, қалыптастыруға көп күш салғанын айтады. «Сен ешбір жаңа нәрсе меңгермеген және өзіңнің біліміңе еш нәрсе қоспаған күнді немесе сағатты бақытсыз сана» — деп ғалым Коменский айтқандай, «Мұғалімнің әрбір күні ізденіске, жетістіккке жетуге деген талпынысқа толы болуы керек екені жас мамандарға үнемі айтып отыратын» — дейді ізбасарлары.
«Егер бір жылдығыңды ойласаң, егін ек, жүз жылдығыңды ойласаң, ағаш ек, ал мың жылдығыңды ойласаң адам тәрбиелеп, білім бер» — деген ежелгі данышпан ғұламалардың сөзіне сүйенсек, Ғалия апай жүз жылдығын да, мың жылдығында ойлаған адам. Мектептің оқу, тәрбие жұмыстарымен қатар, оның сыртқы келбетіне де көп көңіл бөлді. Мемлекет ақша берген жоқ деп отырмады. Мектепке басшылық еткен тұста Ойыл орман шаруашылығының мамандарын әкеліп, отырғызған қарағайлары қазір мектептің көше бетіне көрік беріп тұр.
Тіпті бір жылы Саралжын ауылдық округінің алқабына тары егіп, оны жинайтын комбайн болмай, мектептің бүкіл қызметкерін жауып, тарыны қолмен орғызып, мектептің спорт залына үйгізіп, аяқпен бастырып, тарыны сатып, түскен қаржыны мектептің жарығы мен жылуы сияқты мұқтажына жұмсады. Енді бір жылы картоп екті. Қолында адам күшінен басқа құралы болмаса да, мектепте қосалқы шаруашылық жүргізудің үлгісін көрсетті.
Ғалия апайдың бастамасы сол мектепте әлі күнге жалғасып жатыр.
Апайдың сол уақыттағы қоғамдық жұмыстары тек мектеппен, білім саласымен шектелген жоқ. Аудандағы әйелдер кеңесінің төрайымы болған тұста тұрмысы ауыр, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды үнемі аралап, жағдайларымен танысып, біреулеріне отын-су жеткізуге, біреулеріне азық-түлік алуына ұйытқы болса, кейбір отбасылардың балаларына киім-кешек, оқу құралдарымен қамтуға қайырымдылық шараларын ұйымдастырды.
Осындай тынымсыз тірліктің ортасында өнерден де қол үзбей, әртүрлі шараларда ән салып, көрермендердің ықыласына бөленді. Кейіннен аудандық деңгейде «Ұстаз. Ана. Басшы» деген өзінің шығармашылық кешін өткізді.
Нағыз «Ұстаз» – диқан сияқты, — дейді. Шындығында солай. Ғалия апай да оқушының санасына ақыл мен білімнің дәнін сеуіп, әр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төкті. Шәкіртіне білім мен тәрбие беріп қана қоймай, әр шәкірттің жүрегінен орын таба білді. Нағыз ұстаз бақытына бөленді. Өзінің сүйікті кәсібінен ләззат алды. «Ұстаз» деген ардақты, киелі, үлкен құрметпен айтылатын сөзге Ғалия апай нағыз лайық. Алдындағы шәкіртіне өнегелі тәрбие беріп, «Білім» атты кемеге отырғызып, болашаққа жол көрсетті. Балаларды анасындай әлпештеп, маңдайынан сипады.
Оқушының бойына әдеп, әдет, дағды сияқты жақсы қасиеттерді қалыптастыра білген Ғалия апай ағайынның арасында да өзінің өнегелі ісімен сый-құрметке бөленді. Үлкендеріне ізет пен құрметке көрсетсе, қайны-келіндеріне қамқор болып, ақылымен жол сілтеді. Үлкен жүректі үлгілі отбасының отанасы өздерінің қатар-құрбыларының ортасында да ісімен ізет көрсетіп, өнерімен өрісін кеңейтті. Қандай ортада да Ғалия апай ән салмай кеткен басқосу жоқ шығар… Әсіресе, «Гәккуді» шырқағанда шын беріліп, образға еніп кететін.
Ағайынның, мектебінің, тіпті ауданның абыройы үшін, жаман аты шықпасын деп шапқылап жүргенде, өзінің денсаулығының сыр бере бастағанын да сезбей қалды. Амалсыз бәрінен қол үзуге тура келсе де, бүгінде жетпістің төріне шыққан Ғалия апай ана бақытына бөленіп, әже бақытына кенелген адам.
Қазір екі ұлы екі үй болып отырса, қызы бір әулеттің түтінін түзу ұшырып отыр. Бәрі де жоғары білімді. Тіпті балалардың өзі келін түсіріп, әжесіне шөберенің қолынан су ішкізіп отыр.
Білім саласы – кез-келген қоғамның даму дәрежесінің, өркениетке жеткенін анықтайтын көрсеткіш. Білім саласындағы басты тұлға – мұғалімнің мерейі, міне осындай өз ісіне шын берілген тұлғаның еңбегімен бағалы.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.